Аграрлық факультетінің ғалымдары мен профессорлары ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусинмен кездесті

Асем Утешева     09 Jan,2018        

Шәкәрім университетінің аграрлық факультетінің жас ғалымдары мен профессорлары ҚР  Парламенті Сенатының Шығыс Қазақстан облысы бойынша депутаты Дүйсенғазы Мусинмен кездесті.

Кездесудің басты мақсаты – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылуы болды. Алғашқы сөзде ректор Мейір Ескендіров  қонақтарға университеттің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері туралы қысқаша айтып берді.

Дүйсенғазы Мусин біздің университетімізді аграрлық салада жоғары білікті мамандар дайындайтын алдыңғы қатардағы ЖОО бірі санайтынын айта келіп, қабылданған заң жобаларына сәйкес, барлық жерде шешілуі керек бірқатар мәселелерге тоқталды:

– Бүгінгі күннің өткір проблемаларының бірі – ауыл шаруашылығындағы пайдаланылмаған жер мәселесі. Біздің аймақта жерді пайдалануға жеткілікті ресурс бар. Екіншіден, оқу орнында қолданылатын материалдық-техникалық базаның заманауи талаптарға сай болуына назар аудару қажет және мемлекеттік бағдарламаны іске асыру өте әлсіз болған алыс аймақтарға қажетті мамандар жетіспеушілігіне байланысты оқуды аяқтаған соң жас мамандар сол ауылдарда жұмыс істеулері үшін мақсатты жұмыстар  жүргізу керек, – деді халық қалаулысы.

Аграрлық факультетінің деканы Сәуле Сейілғазина да сөз алып, факультетте оқитын студенттер саны 3 жылда 800-ден 1000-ға дейін өскенін, жыл сайын Семей өңіріндегі кадр тапшылығы үнемі бақылауда екенін атап өтті.

Кездесу соңында ректор депутатқа арнайы естелік тарту жасап және бір айдың ішінде университетіміз ұсыныс хат жолдайтынын жеткізді.