Ағылшын тілінен мектеп оқушылары арасында өткізілген олимпиада

Пресс-служба     25 Jan,2019        

2019 жылдың 18 қаңтары күні Шәкәрім университетінің шетел және орыс филологиясы факультетінде ағылшын тілінен дәстүрлі аймақтық олимпиада өткізілді. Пәндік олимпиадаға қала мектептерінің ғана емес, сондай-ақ, Курчатов, Риддер, Аягөз қалаларының, Ақтоғай кентінің жалпы орта білім беретін мектептері мен лицей, гимназиялардың 90 аса оқушылары қатысты.

Олимпиаданың ашылу салтанаты Шәкәрім кампусының акт залында факультет деканы Исмаилова Г.К. құттықтау сөзімен ашылды. Факультет деканы университеттің мамандықтары мен халықаралық факультет туралы әңгімелеп берді.

Шетел филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі Куребаева Г.А. өз кезегінде олимпиаданың өткізілу шарттарын түсіндіріп, мектеп мұғалімдерін шетел тілін оқыту әдістемесі бойынша дөңгелек үстелге шақырды.

Сондай-ақ, түлектердің рекрутинг орталығының өкілі жиналғандарға университеттің құрылымы мен қазіргі таңдағы кең тараған мамандықтар туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.

Шетел филологиясы және аударма кафедрасының оқытушылар құрамы мен студенттері қонақтарды шағын концерттік бағдарламамен қарсы алды.

Оқушылар грамматика, тыңдалым және айтылым дағдылары бойынша сынға түсті. Әр бөлім соңында жинаған баллдары бойынша қатаң іріктеу жүргізілді.

Нәтижесінде жалпы білім беретін орта мектептер және лицей мен гимназия оқушылары  жеке-жеке бағаланды. Олимпиада қатысушыларына дипломдар мен алғыс хаттар және университет атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Мектеп оқушылары бұл жауапты білім сайысында өз білімдерін көрсетуге барлық күш-жігерлерін салды. Алдағы уақытта балаларға жаңа сәттіліктер тілей отырып, ақын Татьяна Бычкованың сөзімен айтқанды: «Қолдарыңа бақыт жұлдызы құлап түссе, оны ешқашан жібермеңдер!» дейміз.