«АКМЕ» халықаралық ағартушылар клубы – жастар идеяларының жанартауы

Пресс-служба     28 Jan,2019        

«Акме» Халықаралық ағартушылар клубының ашық сұқбат алаңы –  жастардың креативті ойларын жүзеге асыратын жаңа мүмкіндіктердің   бастамасы.

26-қаңтар күні Шәкәрім шаңырағында “Акме” – халықаралық ағартушылар клубы Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің бірлесе отырып,  «Open Space: Жастар көзімен…» кеңейтілген ашық сұқбат алаңын өткізді.

«Open Space: Жастар көзімен…» ашық сұқбат алаңына Шәкәрім шаңырағы жастары, Семей қаласындағы ЖОО-ның студенттері, колледж студенттері, қаланың білімді, өнерлі, белсенді жастары, жастар ұйымдарының өкілдері  қатысты.

Клуб отырысы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жастар жылының ашылуында жастарға арналған ой-пікірлерін тыңдаудан басталды.

Шәкәрім шаңырағы ректоры Мейір Ғариполлаұлы өзінің алғы сөзімен басталған «Акме» ХАК «Open Space: Жастар көзімен…» ашық сұқбат алаңы диалогы  барысында жастар  өздерінің бастамасымен жүзеге асатын стартап жобалары туралы ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, «Акме» халықаралық ағартушылар клубы отырысы барысында университет ректоры, профессор М.Ескендіров жастардың өздеріне ой салатын бірнеше сауалдар жолдады. «Жастар кімдер?», «Жастар қызығушылықтары», «Жастар оқыған кітаптар» сынды қызықты сауалдарына орай, жастар өз ойларын ауызша ортаға салды  және жазбаша жауап берді.

“Акме” Халықаралық Ағартушылар клубы жетекшісі, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), қауымд.профессоры  Жундибаева Арай Канапияқызы қаламыздың белсенді жастарымен бірлесе отырып, ел игілігі үшін атқару тиіс бастамаларды тілге тиек етіп, жаңа идеяларын ұсынды. Жастар  әлеуметтік, ғылыми жобалары туралы пікір алмасты.

Семей қаласы «Жастар ресурстық орталығы» жетекшісі О.Соғымбай «Акме» халықаралық клубы жетекшісі, доктор (PhD) А.Қанапияқызына «Жастар бейбітшілікті қолдайды» шарасы бойынша алдағы уақытта бірлесе отырып, жұмыс жасауға және университеттің ғылыми ресурстарын пайдалануға  өз ұсынысын білдірді.

Отырыс соңында ректор сауалдарына жауап берген жастар пікірлері негізге алына отырып,  бүгінгі оқырманға қызықты көркем шығармалар мен жастарға мотивация беретін қызықты кітаптар тізімі анықталды.

«Акме» халықаралық клубы отырысы Абайдың 17-қара сөзімен қорытындыланды.

Семей қаласының 400-дей жастарының басын қосқан бұл шара әлі де өз жалғасын табады.