Эксперимент: білім алушылардың білімін бағалауда бірнеше дұрыс жауаптары бар тестілік тапсырмалар

Пресс-служба     10 Oct,2018        

Академиялық мәселелер жөніндегі департамент  бірнеше дұрыс жауаптары бар тестілік тапсырмаларды құрастырушылар үшін әдістемелік семинар өткізді. Жұмыс тобына сегіз факультеттің 23 оқытушысы кірді.  Бірнеше дұрыс жауаптары бар тестілік тапсырмаларды енгізу бойынша сынақ  23 оқу тобын қамтыды.

Семинар модераторы Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің директоры Төлеуғалиева Сәуле Серікқызы болды. Ол ұсынылатын академиялық дербестікке сәйкес біздің жоғары оқу орнындағы білім алушылардың білімін ағымдық және қорытынды бақылаудың жаңа саясатын әзірлеу қажеттілігін негіздеді.

Тіркеу офисінің жетекшісі Бекбаева Роза Серікжанқызы тестілеу кезіндегі ұпайларды есептеудің қадамдық механизмі және үш, екі, бір дұрыс жауаптары бар тапсырмалардың  шкалалары жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар тестілік тапсырмалар оқу пәнінің тақырыптары мен модульдері (бөлімдері) бойынша барлық бағдарламаға сай сұрақтарды қамтуы керектігі жайында және 100 тестілік тапсырма құрастыру қажеттілігін, оның 40-ы үш дұрыс жауаппен, 40-ы екі дұрыс жауаппен, 20 тапсырма бір дұрыс жауаппен болатындығын  атап өтті.

Тіркеу офисінің маманы Кушеева Нұргүл Құдайбергенқызы студенттердің компьютерлік тестілеу жүйесіне кіру ережелерімен таныстырды. Ақпараттық технологиялар бөлімінің бас инженері Мадиев Тұрсын Биғазыұлы тестілік тапсырмалардың әр түрлерінің тең таңдалуы үшін барлық базаны бөлімдер тақырыптарына сәйкес бөлуді ұсынды.

Талқылауды өткізгеннен кейін келесі ұсыныстар жасалды: межелік бақылауға дейін  студенттермен толық түсіндіру жұмыстарын жүргізу; компьютерлік тестілеу аяқталған соң студенттермен  кері байланыс орнату: олардың ойлары және бірнеше дұрыс жауаптары бар тестілік тапсырмалар әдістемесін  қолдануды бағалау. Құрастырушылардың жұмыс тобы үшін келесі семинардың тақырыбы «Бірінші межелік бақылау қорытындылары және тестілік тапсырмаларды жетілдірудің сапасын жақсарту жолдары» және мерзімі ағымдағы жылдың қазан айының ортасына белгіленді.