Қазақ «Сөз өнері» зергерінің шығармашылығы – Акме – ХАК отырысында

Асем Утешева     08 Dec,2017        

Желтоқсанның 6-шы жұлдызы АКМЕ – халықаралық ағартушылар клубы кезекті отырысын қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушылардың бірі, ірі ғалым, Мұхтар Әуезовтің шәкірті, ғылымдағы ізбасары, жазушы Зейнолла Қабдоловтың туғанына 90 жыл толуына орай «Жазушы, Ғалым. Ұстаз»  тақырыбына арнады.

Зейнолла Қабдолов – қазақ әдебиеттануында А.Байтұрсыновтан кейін әдебиет теориясының негізін қалыптастырған, бірегей тұлға.

Әрі ғалым, әрі жазушы артына Мұхтар Әуезов туралы «Менің Әуезовім» сынды   сырлы еңбегін, іргелі зерттеулерін қалдырды.

Клуб отырысында  профессор А.С.Еспенбетов Әуезовтің әсемдік әлемін жанымен сүйген ұстазын ілтипатпен еске алып, жазушының жеке дара болмысынан сыр шертті. «Зейнолла Қабдолов және Әуезов әлемі» тақырыбында естелік-толғаныстарымен бөлісті.

Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің доценті, ф.ғ.к.  Мұқажанова Р.М.  академик жазушының әр жылдардағы жарық көрген еңбектеріне, ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйласымдылығына кеңінен тоқталса, Шәкәрім университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының професорлық-оқытушылар құрамы  ф.ғ.к., профессор А.Тоқсамбаева «Зейнолла Қабдолов зерттеулеріндегі Махамбет әлемі», ф.ғ.к. А.Ақтанова «Жазушының бас кітабы», ф.ғ.к. М.Әбікенов «Академик М.Серғалиев зерттеулеріндегі З.Қабдоловтың мәселелері» тақырыптарында жазушының шығармашылық лабораториясын әр қырынан талдады.

Жиынды Акме – халықаралық ағартушылар клубының жетекшісі, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, PhD Жүндібаева Арай Канапияқызы «З.Қабдолов және қазақ әдебиеттануы» жайында жаһандық  және қазақ әдебиеттануы мәселелері туралы толғамдарымен қорытындылады.

Клуб отырысына  Қазақ филологиясы факультетінің оқытушылары, магистранттары және  «Акме» халықаралық клубының мүшелері қатысты.

Зейнолла Қабдолов есімі сөз өнерін сүйер рухты ұрпақтың жадында мәңгілік жаңғыра  бермек.