Шәкәрім Университетінің қабылдау комиссиясы 20 маусым мен 7 шілде аралығында 5B010600 – «Музыкалық білім», 5B010700 – «Бейнелеу өнері және сызу», 5B010800 – «Дене шынықтыру және спорт», 5В042100 – «Дизайн», 5В050400 – «Журналистика» шығармашылық мамандықтарға құжаттарды қабылдайды. Біздің мекен-жай: Семей қаласы, Глинки көшесі, 20 А, телефон: 31 87 81.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

 

Шәкәрім (Шаһкәрім) Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, аудармашы, тарихшы, сазгер, философ, өз заманының озық ойлы ғұламасы. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. Абай негізін салған жаңа сипаттағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі.

Әкесі Құдайберді – Абайдың ағасы. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі, онда  екі жылдай оқыған. 1866 жылы әкесі Құдайберді 37 жасында дүние салады. Ендігі жерде Шәкәрім  Құнанбайдың тәрбиесінде, тікелей Абайдың қамқорлығында болады.

Шәкәрім – жарты ғасырдан астам шығармашылық өмірінде әдебиеттің барлық жанрында жемісті еңбек еткен қайраткер. 1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбул, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптармен танысады.

6546541Араб, парсы, орыс тілдерін жетік меңгереді. Өз бетінше ізденуі нәтижесінде заманындағы ең білімдар адамдар санатына қосылады. Бірнеше тіл білуі оның тамаша аудармалар жасауына алғышарт еді. Хафиздің лирикалық шығармаларын, Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын аударды. Орыстың классикалық әдебиетін терең зерттеп оқыды. А.С.Пушкиннің «Дубровский» повесі мен «Боранын» өлеңмен аударды. Л.Н.Толстойдың бір топ әңгімелерімен қазақ оқырманын таныстырды. Л.Н.Толстойға арнайы хат жазып, көкейінде қордаланған ойларын жинақтап, ақыл-кеңес сұрайды. Хаттардың түпнұсқасының жоғалып кетуі орны толмас өкініш.

Шәкәрімнің көзі тірісінде 1911 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық кітабы» еңбектері жарық көрді. Семей қаласындағы «Жәрдем» баспаханасында 1912 жылы «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары жеке-жеке жинақ ретінде басылды. 1924 жылы Семейде «Дубровский әңгімесі» баспа көрді.Оның көптеген өлеңдері, мақалалары, очерктері «Айқап», «Абай», «Шолпан», «Таң» журналдарында, «Қазақ», «Сарыарқа», «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде басылды.Шәкәрімнің «Нартайлақ-Айсұлу» поэмасы, «Әділ-Мария» романы, «Үш анық» философиялық туындысы өзі дүниеден өткеннен кейін оқырман игілігіне айналды. Ш.Құдайбердіұлы қоршаған ортадағы өзгерістерге үнемі қызу араласқан. 1878-1880, 1887-1888, 1902-1905 жылдары Шыңғыс елінде үш рет болыстыққа сайланған. 1902-1913 жылдары Ресей географиялық қоғамының Семейдегі бөлімесіне мүше болып, өз үлесін қосқан. 1917-1918 жылдары Алаш қозғалысына қатынасып, уездік земство жұмысына, Алаш сотының қызметіне араласады.

Көп ұзамай қоғамдық-саяси қызметтен алшақтап, дау-дамай мен айтыс-тартыстан іргесін аулақ салады.1925 жылы Шыңғыстың Шақпақ аталатын өз қыстауынан он бес шақырымдай жерде қора-жай салып алып, таза шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Өмірінің ақырына дейін елден оқшауланып, жазу-сызумен біржолата беріле айналысады. Айдаладағы жанға кеңестік саясат тыныштық бермей, Шыңғыстау көтерілісін ұйымдастырды деген айып тағылады. 1931 жылдың 2 қазаны күні НКВД-ның жендеттері ұлы ақынды атып өлтіреді.

Шәкәрім мұрасын зерттеу ісі жүйелі жүргізілуде. Ұлы ақын атындағы Шәкәрім университеті оның тамаша ескерткішін тұрғызды, «Шәкәрімтану» ғылыми-зерттеу орталығы қызмет жасайды. «Шәкәрім» энциклопедиясы, «Шәкәрім» журналы, «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық жинақтары, «Шәкәрім кітапханасы» жобасы аясында дайындалған 11 кітап атқарылған істердің басы ғана. Университетте «Шәкәрім оқулары», «Шәкәрім апталығы», түрлі конкурстар ұдайы өтіп тұрады.

Ғұлама ойшыл, кемел суреткер, ұлы ақын мұрасын оқу үрдісіне енгізу, мұрасын зерттеу, халыққа таныту  – басты парызымыз.