пресс-служба Университета Шакарима19 декабрь 2024компьютерлік графика кабинеті

ҰСТАЗ ҚҰРМЕТІНЕ АШЫЛҒАН КАБИНЕТ

Shakarim University Білім беру жоғары мектебінің Өнер кафедрасы Илья Моисеевич Цхай атындағы компьютерлік графика  кабинетін ашты. Ашылу салтанатына университет ректоры Д. Орынбеков, И. М. Цхайдың отбасы мүшелері мен профессорлық-оқытушылық құрам, ардагер ұстаздар қатысты.

 

1972 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, Семейдің Н.Крупская атындағы педагогикалық институтына  Қазақ КСР халық білім министрлігінің жолдамасымен келген И.Цхай табан аудармай осында 41 жыл бойы еңбек еткен екен.

 

Ол алғашқылардың бірі болып компьютерді және компьютерлік технологиялар мен бағдарламаларды  меңгеріп, «Бейнелеу өнері және сызу», «Дизайн» мамандықтарының студенттеріне компьютерлік графика, компьютерлік дизайн, компьютерлік жобалау пәндерінен дәріс оқып, тәжірибелік сабақтарды жүргізген болатын.  

 

Салтанатты іс-шара барысында И. М. Цхайдың отбасы мүшелері ұстаздың өмір жолы мен жетістіктері жайында жылы естеліктерімен бөлісті. Профессорлық-оқытушылық құрам мен ардагер ұстаздар оның уақытпен санаспай істеген жанкешті еңбегі жөнінде  әңгімелеп,  ізгілігі мен кәсібилігін үлгі тұтатындықтарын жеткізді.

 

Әріптестері бүгінгі ашылған кабинеттің жобасын 2007 жылы Илья Цхайдың шәкірттері «Компьютерлік сыныптың интерьері – компьютерлік графикада» тақырыбында дипломдық жұмыс ретінде қорғап, онда класты компьютермен жабдықтау және орналастыру ғана емес, сонымен қатар, эргономикалық талаптарды, жарық пен түстердің сипаттамаларын ескере отырып, кеңістікті пайдалану; сынып жиһаздарын Жоғары мектеп  талаптарына сай дайындауды ұсынғанын әрі  санитарлық-гигиеналық  және өрт қауіпсіздігі т.б. талаптардың барлығын  қамтып көрсеткенін жеткізді.

 

Жаңа кабинет – тек заманауи жабдықталған оқу орны ғана емес, сонымен қатар, студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін орта. Бұл – Илья Моисеевич Цхайдың жарқын есімі мен еңбегіне қойылған ерекше ескерткіш десек те болады.  Дәрісхана қабырғасына жазылған:

«Осынша өнер тауып асқан адам,

Әлемнің қиын сырын ашқан адам»- деген Шәкәрім Құдайбердіұлының өлең жолдары да ұлағатты ұстазға арналғандай.