СЕМЕЙ ӘУЕНДЕРІ АСТАНА ТӨРІНДЕ АСҚАҚТАДЫ

Пресс-служба     11 Oct,2018        

Жақында Астана қаласындағы Л. Гумилев атындағы ұлттық университеттің үлкен концерт залында  Шәкәрім университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі, қобызшы, дирижер, композитор Оразғали СЕЙТҚАЗЫНЫҢ Ұлы философ-ақын Шәкәрімнің 160 жылдығына және Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Жасай бер, киелі Семей!» атты жеке шығармашылық концерті зор табыспен өтті.

Концерт бағдарламасы толығымен бұрын еш жерде орындалмаған, негізінен Семей өңірінен шыққан композиторлардың шығармаларынан құралған. Концертті О. Сейтқазы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қорқыттың сарыны» әуенін қылқобызда ойнап ашты.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген бұл концертте О. Сейтқазы Астана қаласы әкімдігінің академиялық филармониясының қазақ оркестрімен дирижерлық кәсіби өнерін бүкіл кеш бойы көрсетті. Концертке ҚР Мәдениет саласының үздігі Естай Мұқашев, Халықаралық конкурстың лауреаты Шахрезада ТЫНЫШТЫҚ, Республикалық конкурстардың лауреаттары Гүлнұр Жақсылықова және Алтынбек ӘБІЛДА, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері Жақсыгелді Маясаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Семейлік Баян Сағынбаева сынды майталман әншілермен қатар Халықаралық конкурстардың лауреаты, бүгінгі қазақ эстрадасының күйші-жұлдызы Айбек Бекбосыновта қатысты.

Олардың орындауында шырқалған Бекен Жамақаевтың, Теміржан Базарбаевтың, Мейрамбек Жанболатовтың, Мұрат Ыбыраевтың әндері, оркестрдің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйі, Төлеген Мұхамеджановтың «Біржан сал» кинофильміне жазған «Ләйлім» шығармасы, Қадыр Досымжановтың «Асыл мұра», Жарқын Шәкәрімнің «Темір-Шеркеш», Кенжебай Алдекеновтың «Жаңа ғасыр», А. Бекбосыновтың «Тәуелсіздік толғауы» күйлері талғампаз Астана тыңдаушыларының көңілінен шыға білді. Италияның ұлы композиторы Джоаккино Россинидің «Вильгельм Тель» операсына жазылған Увертюрасы О. Сейтқазының кәсіби деңгейде өңдеуімен тұңғыш рет қазақ оркестрінде шабытты орындалып, тыңдалмандарды бір серпілтіп тастады.

Аталған оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың басқаруында орындалған О. Сейтқазының  «Семейім» әні мен «Жамбазар шертпесі» күйі тыңдаушылар тарапынан ерекше қошаметке ие болды.  Сонымен қоса, О. Сейтқазының осы концертте орындалған «Абай әні», «Алтын Алтай», «Қарқаралы», «Әнім сенсің, Әнет баба», «Мәңгілік ел» атты әндері ерекше тартымды, қайталанбас әуендерімен көпшілікті тәнті етті.

Аталған концертті Астананың  Л. Гумилев атындағы ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық орталығының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙДЫҢ жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырып, жаңа форматта көрсете білгені көпшілікті шынайы риза қылды. Концерт соңында кеш иесі О. Сейтқазы аталған ауқымды, үлкен іс-шараға барынша қолдау көрсетіп, демеушілік көмек жасаған Л. Гумилев атындағы ұлттық университетіне (ректоры Е. Б. Сыдықовқа),  Шәкәрім университетіне (ректоры М. Ғ. Ескендіровке), Семей қаласындағы «Ибраев+К» өндірістік кооперативіне (бас директоры Ғ. Т. Ибраевқа), Абайдың республикалық қорық-мұражайына (директоры Б. Ж. Жүнісбековке) арнаған алғыс сезімдерін жүрекжарды сөздерімен жеткізді. Сонымен қоса, кеш соңында көрермендер қауымы атынан сөз алған академик Сейіт Қасқабасов, мемлекет және қоғам қайраткері Советхан Нұрпейісов және басқа да зиялы азаматтар О. Сейтқазыға зор денсаулық, шығармашылық табыстар тіледі.