Шәкәрім мүсінінің авторы Мұратбек Жанболатұлы келер жылы 70  жасқа толады

Маржан Смайлханова     15 Jun,2017        

(Туған күні құрметіне орай 1948-2006 жж.)

Бұрынғы Педагогикалық институт Шәкәрім атын лайықтап алған соң, 1999 жылы, сол кездегі институт ректоры Сыдықов Е.Б. өтінішімен Шәкәрім мүсінін сомдау қолға алынды. Бұл өтінішті «ҚР СО Семей қалалық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болған, мүсіннің авторы Мұратбек Жанболатұлы үш айдың ішінде атқарып шықты. КСРО және ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет кайраткері, ШҚО әкімінің 2003 жылғы «Қолтаңбалы өнер» номинациясы сыйлығының лауреаты, Семей суретшілер коғамының тұңғыш төрағасы болған М.Жанболатов 1948 жылы 20 шілдеде Абай ауданының  Қарауыл елді мекенінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп, құм мен цементтен жасалған алғашқы еңбектерінің бірі – жерлесіміз, Кеңес одағының батыры Жанғазы Молдағалиевтің жау дзотын кеудесімен жауып жаткандағы эпизоттық жұмысы сақтаулы. Хәкім Абайдың өмірден өткеніне 60 жыл толуына орай ескерткіш орнату мақсатымен Қарауылға мүсінші, халық суретшісі Х.Наурызбаев келіп, жас талант иесінің жұмыстарын көріп, бағалай отырып, Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне түсуіне ықпал еткен.Училищені бітірісімен туған жеріне қайта оралып, қаламыздағы Абай атындағы Драма театрының  көркемсурет-өндірістік шеберханасымен бірлескен бутафоралық цехында қызмет етеді. Кейінірек, Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы көркемсурет институтында, мүсіншілік бөліміне түседі. Онда Халықаралык дәрежедегі Жавахарлал Неру атындағы сыйлықтың иегері, КСРО халық суретшісі, мүсінші, КСРО Суретшілер академиясының мүшесі П. И. Бондаренкодан дәріс алады. Бондаренко 1976 жылы В.И.Ленинге қоладан ескеткіш қою мәселесімен Семейге келгенде, сол кездегі әкімшіліктен монументалдық ескерткіштің жобалық авторы біздің жерлесіміз, әлі де болса өзі жас, әлі де болса өзін ешкім тани бермеген М.Жанболатов екенін білгенде таңғалысын жасыра алмаған көрінеді. 1975жылдан бері көптеген  елдерде, көптеген көрмелерге қатысқан, еліміздің шығыс аймағындағы тұңғыш профессионал мүсіншісі – Мұратбек Жанболатов Москваның Суриков атындағы көркем-сурет академиясын 1977 жылы бітірген соң, арнайы еңбек ету мұратымен туған жеріне келген болатын. 1980 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшелігін алған ол Семейде 1990 жылы суретшілер одағын құрып, көркем-сурет шеберханасын салдырып, мүсіншілер тобын жасақтады. М.Жанболатұлы Семей қалалық Суретшілер одағын баскарып, оның басшылығымен Абайдың туғанына 150 жылдық мерекесіне орай «Созвучие» атты Абай мен Гете, Лермонтовтың ансамбльдік еcкерткіштері (Қарауылда), М.О.Әуезовтың туғанына 100 жылдығына орай бюсті мен Бөрлі мұражайындағы  ескерткіштерін, Семей Мемлекеттік Медициналық университеті мұражайындағы М.Маметованың, сондай-ақ, М.С.Кировқа қойылған ескерткіші, В.И.Ленинге арналған, Новопокровка ауылындағы Кеңес одағының батыры Рыков пен Қ.Байсейтовке арналған ескерткіштерді сомдаған; «Жастар сарайының» комплекстік безендірілуі, «Еңлік-Кебек» кинотеатрының сырткы безендірілуі, Ұлы Отан соғысы жеңісінің 60 жылдығына орай Даңқ момериалын, бейбіт күндері қызметі мен адамдарды өрттен сақтау барысында каза тапқан өрттен сақтау қызметкерлеріне арналған момериалдық тақтасы авторларының бірі. Қаламыздағы Шәкәрім университетінің бас ғимаратының алдына койылған Шәкәрім ескерткішін (1999ж.), 1986 ж. желтоксан кұрбандарына орай, Халық қаһарманы Қ.Рысқұлбековке қойылған ескерткіш және Ауған соғысында қаза тапқан жерлес майдангерлерге арналып қойылған монументтік ескерткішін (2002 ж) қаламыздың қақ ортасына жасап қойды. Р.Бәйсейітов атындағы Қаржы-экономикалық колледжіндегі экстерьерлік және интерьерлік безендірулері де М.Жанболатұлының басшылығымен орындалған. Еліміздің, каламыздың мәдениетін, өнерін паш ету, тәжірибе барысын бөлісу мақсатында 1987 жылы М.Жанболатов Прибалтика еліндегі Дзинтерс каласында шығармашылық саяжайына барып, өнерін ұштап, қазақи тұрмыс тіршілікті баяндайтын еңбектерімен өнер қатарын, шығармашылығын толықтырып қайтады. Семей қаласының тарихи, мәдени байлығын елге танытып, бірнеше ескерткіштер жасап қалдырды. Мұражайларды жабдықтап, байытты. Қаладағы, облыстағы,  бірнеше аудандардағы қоғамдык, мәдени, оқу-ағарту орындарын безендіріп, Ертіс өңірінде өткен әлемдік, одақтық, республикалық мәртебедегі той-жиындарды көркемдеуге басшылық етті. Ертіс өңірінің суретшісі, мүсіншісі, колөнер шеберлерінің жас ұрпағын өзінің еңбектерімен тәрбиелеп 22 адамды ҚР Суретшілер одағына мүшелікке өтуіне қамқоршы болды. Сол одақ мүшелерінің біршамасы  қазіргі таңда университет табалдырығында қызмет етуде. Еліміздің шығыс өңіріндегі жасөспірімдерді қуанышқа бөлеп, ең алғашқы мұз қалашығын жасау тәжірибесін калыптастырған мүсінші Семей каласының бай тарихына, Семей-Қарауыл тас жолы бойындағы тарихи-мәдени, көркем орындарға саяхаттық  жоба бойынша қойылатын кырықтан артық жоба (эскиз) үлгілерін жасап қалдырды. Міне, осындай абзал азаматымыз 2006 жылы қазаға ұшырады. Бүгінде мүсіншінің  баласы  Ануар осы университет қабырғасында қызмет етеді.

ҚРСО мүшесі,

Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі,

Шәкәрім университетінің ОӨШ жетекшісі

Абдикаримов Манас Төлеубекұлы.