Шәкәрім оқулары

Пресс-служба     04 Mar,2019        

2019 жылы 2 наурыз күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шәкәрім университетінде, Ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен мектеп және колледж оқушыларына арналған «ШӘКӘРІМ ОҚУЛАРЫ» IV қалалық ғылыми конференциясы өтті. Биылғы конференция Қазақстандағы Жастар жылына арналды.

Конференцияның басты мақсаты оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту, оқушылардың үздік жетістіктерін көрсету және насихаттау.

Пленарлық мәжілісте тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімінің басшысы Мұқанов Әзиз Жұмабайұлы «Тұғырлы Тәуелсіздік келешегі – жастар» атты және № 30 мектебінің оқушысы Қасымжанова Аружан «Латын әліпбиіне көшу-уақыт талабы» атты мағыналы баяндамаларымен сөз сөйледі.

Конференция жұмысының қатысушылары ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары бойынша: инженерлік, физикалық және математикалық, жаратылыстану, педагогикалық, экономикалық және гуманитарлық ғылымдар, информатика және ақпараттық технологиялар, филология, бағыттары бойынша өздерінің зерттеу жұмыстарымен дайындаған баяндамарын оқыды.

Секцияларда конференция өту барысында қатысушылар белсенді талқылау жасап,  өз ой-пікірлерімен бөлісіп, белгілі бір көзқарастарын қорғап, сұрақтарын қойды.

«Шәкәрім оқулары» IV қалалық ғылыми конференциясына Семей, Курчатов қалаларынан, Знаменка, Семеновка, Пригород,Канонерка ауылдары және Бесқарағай ауданы бойынша барлығы  20 мектеп және 19 колледжден 300-ден астам жоғары класс оқушылары мен студенттер қатысты.

Үздік баяндамалардың авторлары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен, естелік сыйлықтарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Барлық қатысушыларға  сертификат берілді.