Шәкәрім шаңырағында тағы да той

Пресс-служба     28 Feb,2019        

Университетімізде күні кеше ғана Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің ұйымдастыруымен«Өлең – сөздің патшасы» атты тұңғыш рет жас ақындар арасында жекпе-жек айтыс өтті. Қазақ филологиясы факультетінің өнерлі жастарының, айтыс сүйер студенттерінің қошеметімен  өте жоғары деңгейде болды.

Өлең десе жалындап тұрар ақындардан өнер додасына  Қуанған Серік, Сатыбалдин Манарбек, Сәрсенбаев Ерасыл, Қайроллаев Думан, Кенжебекұлы Қуандық қатысты. Бұл топқа жекпе-жекке университетіміздің намысын қорғап Жеңісқазин Айбек, Әділхан Іңкәрбек, Қайырбеков Азамат, Бейсхан Хабдолла, Тлеутай Айшолпан шықты. Ал, оларға әділ төрелік айтып, қазылық еткен Қазақ филологиясы факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының ұстазы, филология ғылымдарының докторы,  профессор Айман Омарханқызы және философия ғылымдарының докторы ( PhD), айтыскер ақын Қарлығаш Әубәкірова,Халықтық ақындар орталығының жетекшісі Дәметкен Омарбаева,  Қазақстан Жазушылар одағының Семей қалалық филиалының  директоры, ақын, Мемлекеттік жастар «Дарын» сыйлығының иегері Мерей Қарт, «Тағылым» өнер-ғылым орталығының жетекшісі Жанарбек Торайғыров болды.

Нағыз жүйріктер бақ сынасқан дүбірлі дода көрермендердің қошеметіне бөленіп жоғары деңгейде өтті. Ақындар бәйгесі өте тартысты болып,  нәтижесінде университет намысын қорғап шыққан топ жеңіске жетіп арнайы  дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар өзге де қатысушыларға алғыс  хат табысталып,  Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Айман Советовнаға өз алғыстарын білдірді. Осындар дүбірлі додаларды ұйымдастыра беруін сұрады.

Міне, жас ақындар өнерін өлеңімен ортаға салған жекпе-жек айтыс осылайша қорытындыланды.