Шәкәрім университеті Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өтті

Асем Утешева     13 Dec,2017        

Биыл Шәкәрім университеті Ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығын ірі көлемде мерекеледі.

              Университет оқытушылары мен студенттерінен бөлек жүзге тарта қатысушылар жиналған салтанатты шараны ректор Ескендіров Мейір Ғариполлаұлы құттықтау сөзімен ашты:

– «Ұлы даланың төл мейрамы құтты болсын! Осы залда отырған адамдарға, меніңше, ең алдымен бір сұраққа жауап іздеу керек. Тәуелсіздік деген не ұғым? Отбасымыз үшін, өзіміз, ұжымымыз үшін, осы залда отырған әр тұлға үшін Тәуелсіздік деген қандай ұғым? Ата-бабаларымыз бүгін біз көрген азат күнді жүздеген жыл бойы аңсап өтті.  Тәуелсіздік – қол жеткен арман, тәуелсіздік – мұрат. Сіздердің, тіпті бүгінде елімізде көш бастаған  ЖОО бірі саналатын Шәкәрім университетінің басшысы менің де бақытым біреу, ол – біздің өміріміздің  жарқын күндері Тәуелсіз де егемен Қазақстанның жаңа тарихында өтіп жатқандығы. Бұл – баршаға ортақ ең бірінші құндылық.»

Мұнан кейін ректор тағы бір қуанышты әрі Шәкәрім шаңырағы үшін тарихи жаңалық – Президент канцеляриясынан келген хатпен бөлісті.   Хатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев университеттің барлық қызметкерлері мен студенттеріне мықты денсаулық, оқуда, еңбекте табыс пен гүлдену, сондай-ақ жарқын болашақ тілеп, Семейдегі Шәкәрім универсиетін дұрыс саясат пен шығармашыл оқу ордасы ретінде атап өткен.

Айта кетерлігі бір ай бұрын университетіміздің белсенді жастары мемлекет басшысына латын әліпбиіне көшу идеясын қолдайтын хат пен арнайы бейнематериал жолдаған болатын.

             Кеш соңында жыл бойы жемісті еңбек еткен университет қызметкерлеріне қала әкімі Ермак Сәлімовтің атынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттар тапсырылып, қонақтар назарына жергілікті шығармашылық топтардың Тәуелсіздік күніне арналған  концерттік бағдарламасы ұсынылды.