«ЫРҒЫЗБАЙ ӘУЛИЕ КІТАБЫНЫҢ» ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Пресс-служба     26 Nov,2018        

Тақауда Тарбағатай ауданына қарасты Ырғызбай әулие кесенесі орналасқан тарихи кешенде «Ырғызбай әулие кітабының» таныстырылымы болып өтті.

Аталған кітап Мейір Ескендіров бастаған Шәкәрім университеті ғалымдарының атсалысуымен шығарылды. Шәкәрім университеті бүгінгі таңда білім беру миссиясын табысты жүзеге асырумен қатар, ғылыми зерттеу жұмыстарына да мейлінше назар аударуда. Оған дәлел, оқу ордасында жұмыс жасап жатқан техникалық және гуманитарлық бағыттағы ғылыми орталықтардың ашқан жаңалықтары мен жарық көрген зерттеу еңбектерін атап айтуға болады. «Ырғызбай әулие кітабы» осы ғылыми орталық қызметкерлері мен университет ғалымдарының ақыл-ойының жемісі.

Қалың оқырманға жол тартқан бұл еңбектің өзгешелігі – «Ырғызбай феноменін» ғылыми тұрғыда зерделеуге әрекет жасалды. Қазақ ортасында қалыптасқан «әулиелік» ұғымын ғылыми философиялық пайымдау да еңбектің жаңаша бір қыры деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ Ырғызбай өмір сүрген кезең, сол кезде болып жатқан тарихи үдерістер кітапта кеңінен баяндалды. Ал Ырғызбай емшілігі және ол пайдаланған дәрілік шөптер туралы ғылыми мәліметтер әулиенің шипагерлік болмысын барынша аша түсуге септігін тигізді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында шығарылған «Ырғызбай әулие кітабын» таныстырылымын өткізуге Шәкәрім университеті М. Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Мұхаметбек Асылбеков пен Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Еркін Рахметуллин арнайы барып қайтты. Тарихи кешен құрамындағы «Дала даналары» кітапханасында өткізілген танымдық шараға негізінен Тарбағатай ауданына қарасты мектеп мұғалімдері мен кітапханашылары жиналды. Шара барысында кітапта қамтылған «Ырғызбай феноменінің» тарихи, философиялық, медициналық қыры жан-жақты түсіндірілді. Жиын соңында аудан көлеміндегі барлық мектеп кітапханаларына кітап тегін таратылды.