Шәкәрім Университетінің қабылдау комиссиясының мекен-жайы: Семей қаласы, Глинки көшесі, 20а. Анықтама телефоны: +7 (7222) 31-87-79

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫНА АРНАЛҒАН ҚАЛАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Асем Утешева     22 Jan,2018        

Қазақстандық ұстаздар алдында түбегейлі өзгеріс мәселесі туындап отыр, бұл ең алдымен қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдістемесіне қатысты болары сөзсіз. Осыған орай университетмізде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқыту» атты қалалық ғылыми-әдістемелік семинарда бас қосты. Іс-шара Шәкәрім университеті қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен Ә. Бөкейхан кампусында өтті.

Кездесу барысында қатысушылар құзыреттілік тәсіліне негізделуге тиісті жаңа оқыту бағдарламаларын талқылады.  Яғни, табысты әлеуметтену үшін қажетті функционалдық сауаттылық негізінде білім қалыптастырудың жолдары көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқытудың жаңа стандарттары студенттер мен оқушыларға тақырыпты «қолдануға», «талдау жасауға», «синтездеуге» және «бағалауға» мүмкіндік беруі керек.

«Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу арқылы мектеп оқушылары мен студенттердің функционалды сауаттылықтары мен сыни талдау, бағалау сынды дағдыларын дамытуды басшылыққа ала отырып, білім сапасын арттыруды мақсат етіп отырмыз», – дейді қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы, (PhD) Арай Канапияқызы.

Семинар барысында қатысушыларға ҚР БҒМ шешімімен 2017 жылдың қыркүйегінен бастап еліміздің орта мектептерінде оқытыла бастаған 5 және 7-сыныптардың қазақ әдебиеті пәні оқулықтары таныстырылды. Оқулық авторлары қазақ әдебиеті кафедрасының ғалым-ұстаздары – Ақтанова Айман Советқызы мен Жундибаева Арай Канапияқызы.

Семинарға қалалық білім беру бөлімінің өкілдері, қала мектептерінің 80-ге жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, университет оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты. Бұдан бөлек мектеп мұғалімдеріне арнайы  шеберлік-сыныптары ұйымдастырылды.  Университет менторы,  филология ғылымдарының докторы, профессор Еспенбетов Арап Сләмұлы арнайы қатысып  кездесудің маңыздылығын және оқу процесінде жаңа үрдістерді ұстану қажеттігін атап өтті.

Білім беру стандартының жаңалықтары, оқу жоспарының мазмұны, бағалау үлгісі және оқу материалдарын жаңарту сияқты тың мәселелер ортаға салынып, қатысушылар арасында қызу талқы тудырды.

Қатысушылар күтілетін нәтижелердің нақты тұжырымдамасы  студенттердің оқу жетістіктерін объективті бағалауға мүмкіндік туғызып, оқушылардың оқу үрдісінде дағдыларын дамытуға және білім беру процесінің сапасын арттыруға ынталандыра түседі деген сенім білдірді.