Жас мамандарды жұмыспен қамту мәселелері: мемлекеттік қолдау, олардың құқықтары және міндеттері

Администратор     07 Dec,2018        

2018 жылғы 5-6 желтоқсан аралығында Талапкерлерді рекрутингілеу және түлектерді жұмысқа орналастыру орталығының басшысы Солтанбекова О.Т. «ауыл квотасы» және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алатын 2019 жылғы түлектермен кездесу ұйымдастырды.

Кездесуде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 4-бабының 22.2-тармағына сәйкес 3 жыл бойы жұмысын өтеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазақ филилогиясы, шетел және орыс филилогиясы, жаратылыстану-математика және тарих-педагогика факультеттерінің түлектері қолданыстағы заңнаманың жұмысын өтеу міндеттемелері және оны орындамау салдары, сондай-ақ жұмысын өтеу міндеттемелерінен босатудың қатаң белгіленген талаптарына қатысты тұстарымен жан-жақты таныстырылды. Жас мамандарды жұмысқа жіберу тәртібі, сондай-ақ оларды жұмысын өтеу міндеттемелерінен босату Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен №390 «Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтарды жұмысын өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту» және «Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы» заңнамамен негізделгені атап өтілді.

«Қаржы орталығы» АҚ (сайт ftp.fincenter.kz) жас мамандардың жұмысын өтеу бойынша өз міндеттерін орындау тәртібінің сақталуын және жұмысын атқармаған жағдайда жұмсалған бюджет қаржысының өтелуіне мониторинг жасауды және бақылауды қамтамасыз ететін білім берудің  өкілетті органының (ҚР БҒМ) адвокаты болып табылатындығына ерекше көңіл бөлінді.

Кездесу барысында жаратылыстану-матеметика факультетінің деканы Г.Е. Берикханова мен шетел және орыс филологиясы факультетінің деканы Г.К. Исмаилова «Дипломмен – ауылға» Мемлекеттік бағдарламасымен таныстырып, оған білім беру саласының мамандықтарына ие болған тұлғалар қатыса алатындығы туралы айтып берді.

Түлектердің барлық сұрақтарына толықтай жауаптар берілді.