Жас пікірсайысшылар додасы «Сәтті қадам- 2018»

Пресс-служба     23 Oct,2018        

Шәкәрім университетінде 18 жылдық тарихы бар Семей дебат қозғалысына үлкен серпіліс әкелген «КОНГРЕСС» интеллектуалды дебат клубының тікелей бастамасымен жас буындарға арналған «Сәтті қадам -2018» клубішілік пікірсайыс турнирі өтті.
Дәстүрлі түрде 6-шы мәрте ұйымдастырылып келе жатқан додада жас пікірсайысшылар ораторлық қабілеттерін шындап, өз араларында мықты фракциялар мен ең үздік спикерлерді анықтады. Турнирдің барлық раундтары Америкалық Парламенттік пікірсайыс форматында(АПФ) ойнатылды. Тартысқа толы турнирге жалпы саны 15-ге жуық фракция қатысты.

Әрбір раундта сөзді бірде салқындатып, бірде оттай жалындатып, тапқырлықпен сөз суретін салған пікірсайысшылар көптеген қызықты қарарларды ортаға салды.

Сонымен жеңімпаздардың тізіміне көз жүгіртетін болсақ, «Болашақ» фракциясы: Жасұлан Заманбек пен Нұрай Дəулетхан жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, кубокты қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, өздерінің ойнау стильдерімен ерекшеленген Ерасыл Құрманғалиев пен Мадина Балтекова ІІ орынға лайық деп танылса, ал Бұлбұл Хамзаева мен Сабина Айткенова үздік үштікті қорытындылады. Төрт кезеңнін барлығында да ерекше көзқарасымен көзге түскен Камила Мұсабаева болса «Ең үздік спикер» аталымын жеңіп алды. “Ең үздік төреші” аталымына Диана Төлеуова ие болды.

Барша үздік деп танылған 1-ші курс студенттерін шын жүректенн құттықтаймыз. Алдағы уақытта бүкіл Республиканы ауызына қарататын ең мықты деген «Топ спикерлердің» қатарында болуларыңызға тілектеспіз.