Жебеден ұшқыр сөз айтып, айтыс өтті қалада…

Пресс-служба     25 Oct,2018        

Күні кеше Елорда төрінде өткен «Жыр арқауы – Астана» айтысынан соң, айтысты өнердің алтын діңгегі санайтын халықтың шөлі қанып, топтан озған жүйріктерін көріп мәз болғаны шын.  Осыдан соң  іле-шала Семей көп салалы колледжінде «Алаштың асқақ тұтар астанасы, қарт Семей мәдениет баспанасы» атты жас ақындар айтысы өтті.

Тарихта он жылға жуық Алаш қаласы атанған шаһарды жырға қосқан сөз мергендері шындықтың нысанасын дәл көздеп, қара сөздің қарагеріне қамшы басты.  Халықтық ақындар орталығының жетекшісі Серік Молдабеков, айтыскер ақын Жанарбек Торайғыров, КТК арнасының тілшісі Ұлан Нұрахмет бастаған қазылар алқасы бас жүлдеге Шәкәрім университеті, Қазақ филологиясы факультетінің  3-курс студенті, жақында ғана «Шәкәрім медалімен» марапатталған Жеңісқазин Айбекті бірауыздан лайық деп тапса, бірінші  орын педагогикалық колледж студенті Сарсенбаев Ерасылға бұйырды. Ал университетіміздің Ұ.Есдәулет атындағы грант иегері, Қазақ филологиясы факультетінің 1-курс студенті от тілді Тлеутай Айшолпан екінші орыннан көрініп, үшінші орынды Қазақ филологиясының табалдырығын жаңа аттаған тағы бір талантты жас Бейісхан Қабдолла қанжығасына байлады. Барлық өрендерімізді құттықтайыз!!!

P.S. Жүрсін жүйріктерінің тағы бір толқыны біздің қара шаңырақта өсіп келеді. Ол шындық…