Пресс-служба     21 Apr,2020        

Азаматтық қоғам құрудағы маңызды қадам

 

Бәрімізге белгілі  ҚР Президенті 20-желтоқсанда ҚР президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында: «Митингілерді ұйымдастырудың ескертпелі сипатын енгізуге кірісу қажет, бұл біздің Конституциямызға сәйкес келеді. Митингтерге шығуға болады, егер олар заңды, қоғамдық тәртіпті бұзбаса, және адамдардың тыныштығына кедергі келтірмесе. Бұл менің принциптік ұстанымым», – деген еді.    Елімізде қазір “Бейбіт шерулер өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы” Қазақстан Республикасының заң жобасының кеңінен талқылануының өзі демократияның айшықтап көрсететін бір белгісі деп  санаймын және мемлекетіміз қоғам белсенділерінің пікірін тыңдай отырып, жан-жақты талқылау арқылы жаңа заң жасап шығаруға әзір екендігін көрсетті. Биліктің халықты тыңдауға дайын екендіктерін бірнеше мәрте мәлімдеуінің өзі “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық”- деп көрсетілген Ата Заңымыздың 3 – бабындағы конституциялық қағидаттың іске асырылуының айғағы.

Жаңа заңды қабылдау республиканың барлық өңірлерінде бейбіт жиналыстар өткізудің бірыңғай ережелерін белгілей отырып, өзінің артықшылықтарымен ерекшеленеді. Заң жобасында бейбіт жиналыстарды жаппай іс-шаралардың басқа түрлерінен ажырату мақсатында: бейбіт жиналыс, митинг, пикеттеу, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдар, яғни бұл ұғымдарды өзара ажырату мүмкіндігі, сонымен қатар заң жобасында басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге басымдылық берілген. Аталмыш заңның бір ерекшелігі бейбіт жиналысты ұйымдастырушының, қатысушылар мен журналистердің мәртебесі, құқықтары мен міндеттерінің заңдылық тұрғыда бекітілуі болып отыр. Заңды әзірлеу барысында күніне бірнеше митинг өткізіп тұратын Еуропа елдерінің бұл бағыттағы тәжірибесінің ескерілуі де өте  маңызды және дұрыс бағыт деп ойлаймын.

Бұл жерде билік пен халық арасындағы өзара әрекеттестіктің тығыз байланысы көрінеді. Өзін құқықты мемлекет ретінде қалыптастырып отырған елімізде заң үстемдігі қағидаты мықты ұстанылуы  қажет, сол себепті азаматтардың саналы түрде заң аясында әрекет етуі қалыпты жағдайға айналуы керек.  Бейбіт митингтегі әр тараптың міндет, жауапкершілігінің бәрі заң аясында нақты белгіленіп, көрсетілуі  құптарлық жайт, сонда халық заңды  сыйлап, ережелерді сақтайды. Бүгінгі қоғам талқысына түсіп жатқан “Бейбіт шерулер өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы” Қазақстан Республикасының заң жобасы өте маңызды және мазмұнды құжат, ал еліміздің азаматтық қоғам құру жолындағы басты қадамдардың бірі.

 

Газизова Назигул Слямболовна

Семей қаласының Шәкәрім атындағы

 университеті, “Құқықтану” кафедрасының

 қауымдастырылған профессоры