Абай әлем тілінде

Пресс-служба     19 Jul,2019        

19 шілде күні Шәкәрім Университетінің Ғылыми кітапханасының Коворкинг орталығында қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерей тойына арналған «АБАЙ ӘЛЕМ ТІЛІНДЕ» атты рухани танымдық кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – ұлы ақынның өнегелі өімірмен таныстыру, рухани асыл-мұраларын насихаттап, ақынның мұрасын сақтау.

Кездесу барысында Хакім Абайдың жоғары азаматтық ұстанымы, рухани байлығы, даналығы, сөздің мінсіз шеберлігі және ол жасаған әдеби бейнелердің тереңдігі туралы айтылды. Абайдың қара сөздері әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ.

«Хакім Абайдың шығармашылығы – өткен және бүгінгі күннің көрінісі, оның дана сөздері өлмейді және оның ұрпақтарына қалдырған мұрасы халықтың есінде болады» деп атап өтті Шәкәрім Университетінің, Ғылыми кітапханасының басшысы Елена Евлампиева.

«Әлем тілдеріндегі Абай шығармалары» атты тақырыпта Мемлекеттік тарихи- мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінің жетекші маманы Қиықбай Қуат Қазезұлы баяндама оқыса «Абай – читатель библиотеки» тақырыбында танымдық-рухани ақпаратпен Шығыс Қазақстан облыстық, Абай атындағы әмбебап кітапханасының ақпараттық-библиографиялық бөлімінің библиографы Лаура Бүркітова таныстырды.

«Біздің мақсатымыз – ұлы ақынның шығармаларымен танысу ғана емес, сондай-ақ мәдени дәстүрлерді, рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау және нығайту, ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың қалыптасуы үшін мәдени мұраны сақтау болып табылады» деді өзінің сөйлеген сөзінде Дулат Бабатайұлы атындағы Ақындар мектебінің жетекшісі Айман Ақтанова.

Кездесуге келген жастар Абай өлеңдерін қазақ, орыс, қытай, ағылшын, неміс тілдерінде оқып кездесуді одан әрі қыздыра түсті.

Хакім Абайдың шығармашылығы жас ұрпақты рухани байлыққа тәрбиелейді, ағартушылыққа деген ұмтылысын оятады, мәдениеті арқылы білім беретіні сөзсіз.