Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған декада өз мәресіне жетті

Пресс-служба     04 Nov,2019        

Шәкәрім университетінің Жоғары Агротехникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай декада қорытындысын ұлылар мекенінде Абайдың Жидебайдағы мұражай -үйі мен Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйіне саяхатпен аяқтады.
Бір аптаға созылған декада аясында:

Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының актері Бекзат Омашевпен кездесу өтті. Студенттер сахна тілімен, мәдениетімен, сахнаның құдыретімен, етене танысып, өнердің алтын шамшырағы, сол шамшырақты тұтандырып отырған актер, ұлы Абай рөлін сомдаған танымал актер Бекзат Омашевпен көкейлеріндегі сауалдарымен бөлісті. Тағылымы мол кездесу мазмұнды, студенттердің жүзіне күлкі ұялатып, ағартушы ақын Абай Құнанбайұлының “Көзімнің қарасы” әнін бірлесіп орындаумен жалғасын тапты.

Сондай-ақ, Жоғары Агротехникалық колледжінің 1 курс студенттерін студенттік қатарға қабылдау салтанатты кеші өтті. Студенттер көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етсе, ата-аналар жылы лебіздерін, алғыстарын білдірді. Салтанатты шара соңында ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған декада аясында ұйымдастырылған шараларға белсенді қатысқан студенттер университет ректорының алғыс хаттарымен марапатталды.

Декаданың нүктесін қоюға Абай жеріне аттанған студенттер – бас мұражайдағы құнды экспозицияларымен, “Абай және оның дәуірі”, “Абай шығармашылығы”, “Абай аудармалары мен музыкалық мұрасы”, ақын өмір сүрген дәуірдегі тұтынған заттарымен және М.О. Әуезовтің ел тарихынан сыр шертетін оқу-құралдық әдебиеттермен, тұтынған заттарымен, құнды жәдігерлерімен танысты. Әдебиетті өмірлерінің басты бағыты етіп алған студент жастар шабыттарына шабыт қосып, алған әсерлерін тамаша танымдық, тарихи ғибратты саяхаттан алған әсерлерімен бөлісті.

«”Әдебиет-ардың ісі” деп ұлыларымыз әлдеқашан бағаларын беріп кеткен. Ұлылар мекенінен жандарына нәр алып, саналарына ізгілік дәнегін еккен студенттеріміз тарихты танып, болашаққа айқын бағытпен, нық қадаммен аяқ басқаны-ел болашағының жарқын кепілі» дейді колледж оқытушылары.