“Абай жылы – оқу жылының” ашылуы

Пресс-служба     24 Aug,2019        

23 тамыз күні Шәкәрім университеті мен Абайдың Жидебай бөрілі қорық музейінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай жылы – оқу жылының» ашылу салтанаты өтті. Қаламыздағы Абай ескерткішінің қасына гүл шоқтарын қою салтанатынан кейін 200-ге тарта адам Абай еліне аттанды. Жол бойы Күшікбай асуы, Еңлік – Кебек кезеңіне тоқтаған жолаушылар бұл елдің тарихымен танысты.   Жолаушыларды Жидебай жерінде сурет плеэнері күтіп тұрды. Университет суретшілерінің салған суреттеріне пленэрге арнайы келген Қазақстан Аннимациялық киносы Ассоциациясы президенті, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Сәлімғали Мырзашев  өз бағасын беріп, болашақта Шәкәрім университетімен бірігіп жұмыс жасасақ деген ойын жеткізді.

Кеш Абай – Шәкәрім кесенесінде «Өлең толқыны» поэзия пленэрімен жалғасты. Жас ақындар Ұлы тұлғаның туған жерінен шабыт алып, жүрек жырларын оқыды. Кешке арнайы келген әнші, композитор Естай Әлікеев те қасиетті топырақтан шабыт алып, Абайға арнау оқыды. Поэзия пленэріне университетіміздің студенттерімен қатар Алматы қаласының Тұран университетінің, Қайнар университетінің және Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенттері, Павлодар педогогикалық институтының студенті, сондай-ақ қаламыздағы Мұхтар Әуезов атындағы педогоика колледжінің  студенті және №16 мектеп оқушысы қатысты. 17 ақын қатысқан тартысты додада қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар арнайы стипендиялармен, қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Стипендия Шәкәрім университеті студенттеріне ғана жарамды болғандықтан

1 орын Абай атындағы стипендия  – Шәкәрім университетінің студенті Асқарбек Жақсылық

2 орын Шәкәрім атындағы стипендия – Шәкәрім университетінің студенті Өрлеубек Ерсінбек

3 орын Дулат Бабатайұлы атындағы стипендия – Шәкәрім университетінің студенті Жеңісқазин Айбекке иеленді

Кеш бұл сапардың ең негізгі нұсқасы Абай- Шәкәрім жарығын жағумен аяқталды.  Ұлылар мекенінің қос шамшырағын Шәкәрім университетінің ректоры Мейір Ескендіров пен Абай музейінің директоры Жандос Әубәкір жағып,  жыл бойына сөнбей жанып тұратын жарық қос ақынның өшпес ілімі сынды менмұндалап жолаушыларға жол көрсетіп тұратынын айтты. Расында, жарық қараңғыда адасқан жанға жол көрсетіп 30 шақырым жерден көрініп тұрады. Мұндағы мақсат бүгінгі қоғамға жетіспейтін ой жарығын сөндермеу. Бұл тек кесене жарығы емес, ой жарығы деп айтсақ қателеспейміз.