Басқарма басшысының жаңа жылдық құттықтауы

Пресс-служба     01 Jan,2021        

Құрметті профессорлар, оқытушылар, қызметкерлер және білім алушы жастар!

 

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Баршаға жан шуағы мен жайдарлы көңіл-күй сыйлайтын Жаңа жыл мерекесі – өткенімізді саралап, ертеңімізді бағамдайтын 12 айдың қорытынды мерекесі!

Былтырғы жыл әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келді. Әлемді жайлаған індет жаһан жұртшылығының білімі мен ғылымына, мәдениеті мен танымына өз әсерін тигізбей қоймады. Бұл сынақта зор жауапкершілік танытып келе жатқан университет ұжымының  ерен еңбегі еш ұмытылмақ емес.

Қадірлі әріптестер! «Өткен жылға өкпе жоқ, өткен жыл қасиетті Шәкәрім шаңырағы үшін жағымды жаңалықтарға толы жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген мұғалімдер жалақысын көбейтуге қатысты тапсырмасына сәйкес университет оқытушыларының айлығы жоғарылатылды. Профессор-оқытушылар құрамының педагогикалық жүктемелерінің азайтылып, еңбекақыларының өсуі – білім сапасының ілгерілеуіне оң ықпал етеді деп сенемін.

Сондай-ақ, былтырғы жылы университет қабырғасында Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай халықаралық деңгейде ғылыми-танымдық конференциялар ұйымдастырылып, ақын мұрасын насихаттауда абайтанушы ғалымдарымыз «Абай әлемі» кітап сериясы бойынша құнды еңбектер жариялады. Бірқатар профессор-оқытушыларымыз білім мен ғылым саласындағы табысты еңбектері үшін мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Қажымас еңбек –  ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасындағы барлық әріптестеріміздің нәтижелі еңбектері мен жүйелі ізденістерінің жемісі деп білемін.

2021 жыл –  егеменді еліміздің мерейін үстем етуде ынтымағымызды жарастыратын, асқаралы биіктерді бірге бағындыратын берекелі де, мерекелі жыл болсын!

Сiздердi Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!

 

 

Құрметпен

ректоры м.а.

Мұхтар Байжұманов