Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті

Пресс-служба     10 Jun,2019        

7-9 маусым аралығында Шәкәрім университеті Германияның Мюнхен қаласында өткен дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына қатысты. Еске сала кетсек ағымдағы жылдың наурыз айында Шәкәрім университетінде Халықаралық білім құрылтайы өткен болатын.  Құрылтай бұл жолы Мюнхен қаласында жалғасын тапты. Дәстүрлі мереке аясында Шәкәрім университетімен Люксембург, Австралия, Нидерланды қазақ қауымдастықтары арасында  байланыс орнатылды.

Құрылтайдың негізгі мақсаты-мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық жобалар негізінде қазақ диаспорасы өкілдерін біріктіру болды.

Кіші құрылтайдың жұмысына қазақ диаспорасының 100-ден астам өкілі, сондай-ақ қазақстандық мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының белсенділері, “Отандастар” қорының және Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сарапшылары қатысты

Шағын құрылтайдың аясында алғаш рет отандық және шетелдік кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өтті. Іс-шара барысында Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдеріне бизнес-бастамаларды қолдау, жобаларды акселерациялау және жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды. Бизнес-форум шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түрлі салаларында тәжірибе алмасу, Қазақстан, Германия және Еуропа мен Азияның басқа да елдерінің кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды кеңейту алаңына айналды.

Сонымен қатар құрылтай аясында қазақ тілін үйренгісі келетін студенттерді тарту үшін Шәкәрім университетінің алаңы жұмыс жасады. Айта кету керек наурыз айында өткен халықаралық білім құрылтайы нәтижесінде маусым айының соңында шет елдік қандастарымыз университетіміздегі қазақ тілін үйретудің халықаралық орталығына келіп, қазақ тілін үйрену курсынан өтетін болады. Және Мюнхен қаласында өткен көрмеден кейін Еуропа қазақтарының да қызығушылығы артады деп сенеміз. Себебі бұл қазақ тілін қолдаудың, және шет елдік қандастарымызбен байланыс орнатудың ерекше жолы.