ІІ Халықаралық Білім Құрылтайы онлайн форматта өтті.

Пресс-служба     02 Jul,2020        

Білім мен ағартушылық жолында шет елдегі қандастардың басын қосқан білім құрылтайы былтырғы жылы Шәкәрім университетінде бастау алған болатын.

Биыл онлайн форматта жалғасқан құрылтай “Елбасы бастаған ұлы көш идеясы: діл мен тіл, рух пен сана үндестігі” тақырыбына арналды.

Құрылтайға Швеция, Германия, Ұлыбритания, Түркия, Моңғолия, Франциядағы қандастарымыз, сонымен қатар, Дүние жүзі қазақтар қауымдастығы, Отандастар қорының өкілдері қатысты.

FEKA-Еуропа қазақтар федерациясының президенті Ермиш Мұрат қазіргі шетелдік қазақ жастарының ана тілінде білім алып, тарихи Отандарына қызмет етуі үшін жасалып жатқан қамқорлықтың маңызды екеніне және болашақта бұл қызмет өз жемісін беретінін атап өтті.

Еуропадағы қазақтар қауымдастығының экс-төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы Кесижи Абдулкаюм әлем қазақтарының бірлікте болуына ұйтқы болып отырған Елбасының саясаты мен шетелдегі қазіргі қазақ жастарының ұлттық тәрбие алуының маңызына тоқталды.

Анкара қаласының Әлеуметтік-ғылымдар университеті, Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Хакім Мариям Шығыс Қазақстан өңірінің тарихи-мәдени маңызды аймақ екеніне және сол құндылықтарды қазіргі білім беру мен тәрбиелеу үрдісінде қолдану жолдарын назар аударды.

Ұлыбританиядағы қазақ қоғамының төрағасы Савас Абдусселам қазіргі қазақ балаларының ұлттық тәрбиесі мен қазақ тілінде білім алуына байланысты нақтылы жасалу керек деген өзекті мәселелерге тоқталды.

«Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі Болат Дидар қордың шетелдік қазақ жастары мен балаларын қазақ тілінде оқытуға байланысты және болашақта олардың қазақстандық оқу орындарында білім алуларына жасалатын жағдайлар туралы мәселе көтерді.

Құрылтай төрағасы Мейір Ескендіров айтылған ұсыныстар қаралатынын жеткізді.

Құрылтай аясында Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің түлектеріне диплом беру рәсімі өтті.

Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған, университет бастамасымен басылып шыққан “Абайдыу қоңыр сөздігі” Абай оқыған ертегілер кітаптарының тұсауы кесілді.