«Қасірет пен Тағдыр» кітабының таныстырылымы болды

Пресс-служба     19 Dec,2019        

Шәкәрім университетінде жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Досжан Сәуле Мағазбекқызымен кездесу өтті. Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің ұйымдастыруымен өткен кездесуде Сәуле Досжанның жақында ғана жарық көрген «Қасірет пен Тағдыр» кітабының таныстырылымы болды.
«Кітаптың басты мақсаты Семей ядролық полигонының қасіретін жеткізу, қазақ халқының зұлмат заманды бастан кешкен мықты, қайсар ел екенін көрсету» болды дейді автор өз сөзінде.

Қонақтар алдымен Қазақ тілін үйретудің халықаралық орталығымен және Семей жобалық кеңсесінің жұмыстарымен танысты.

Өмірлік оқиғаға негізделген туындыны жазуға себеп болған жазушының жары үш дәрежелі «Барыс» және «Даңқ» ордендерінің иегері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев арнайы қатысты. Сондай-ақ, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда, әдебиеттанушы Серік Елікбай, әдебиеттанушы, ТМД елдері бойынша әдеби агент Анар Қабылқақ және ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірі филиалының төрағасы Мерей Қарт қатысып, кітап туралы ойларымен бөлісті. Семей ядролық сынақ полигоны қасіретінен сыр шертетін кітап қатысушыларды бей-жәй қалдырмады. Студенттер ойларында жүрген сұрақтарға жауап алып, тарихи естеліктермен танысып қайтты.