Энергетика – әлемдік өркениеттің маңызды қозғаушы күші. Бүгінгі таңда энергияға қажеттіліктің өсуін қамтамасыз ету үшін дүниежүзілік атом энергетикасының дамуы экологиялық жағынан алғанда тиімдірек.
Сарапшылар күн тәртібінде жаңартылған энергия көздерінің жиынтық қуатын арттыру, энергия тапшылығының алдын алу мәселелерін талқылап, атом электр станциясын салудың тиімді шешім болатынын айтуда.
Шәкәрім университеті бүгінгі күннің басты тақырыбын ғылыми және практикалық тұрғыдан ашу мақсатында «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-мен бірлескен «Атом энергетикасы – Қазақстан Республикасы энергетикалық қауіпсіздігінің негізі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Басқосуға университет басшылығы, Семей қаласы әкімдігі, Қазақстан АЭС компанияларының өкілдері, Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық медицина және онкология орталығы, Қазақстан ядролық қауымдастығы және т.б. атом саласын зерттеуші профессорлар мен студенттер қатысты.
Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков аталмыш шараның маңыздылығына тоқталды.
– Шәкәрім университеті атом саласы бойынша мамандар даярлайтын оқу орны болғандықтан қарашаңырақта аталған шараның өткізілуі заңдылық. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының бастамасымен Шәкәрім университетінде АЭС мамандарын дайындайтын мамандық 1997 жылы ашылды. Қазіргі таңға дейін ол өз жұмысын жалғастырып келеді. 25 жылда оқу бағдарламасы өзгерістерге ұшырағанымен, мамандарды дайындау жолы үзілмеген. Біздің түлектер Ұлттық ядролық орталығының базасында жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүр. АЭС-тің нәтижелі жұмыс атқаруы үшін отандық инженерлік кадрлар тобы мен ғылыми-техникалық кадрлар арасында сабақтастықты арттыру оқу орындарының қажырлы еңбегі. Келешекте біздің білім алушыларымыз сол жерде қызмет ететіндігіне сенімдімін, – деді ректор.
Дөңгелек үстел барысында «Қазақстанда АЭС салу жобасының жұмыстары» Асуан Сиязбеков «Қазақстандық АЭС»ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері, «Ядерная энергетика и современное образование» Владимир Кнышев Томск политехникалық университеті Ядролық технологиялар инженерлік мектебінің жетекші сарапшысы, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның базасында атом саласы үшін кадрларды даярлау» Алуа Қабдырақова ҚР ҰЯО бюджеттік бағдарламалар және кадрлар дайындау бөлімінің басшысы, «Популяризация в науке как ступень в молодежной политике» Сеит Алиев «Қазақстанның ядролық қауымдастығы» Атом технологиялары жөніндегі ақпараттық орталықтың директоры, «Ядролық энергетика саласында жұмысшы мамандарды дайындау арқылы АЭС салу перспективтері» Данияр Нұрғалиев «Техникалық физика және жылуэнергетика» кафедрасының аға оқытушысы баяндама жасады.
Жиынға қатысқан сала мамандары Қазақстанға дербес атом электр станциясын қажет екенін айтты.