Бүгін Шәкәрім шаңырағында көрнекті жазушы, тарихшы, этнограф фольклоршы Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған "Сөз-Ғұмыр" атты әдеби сазды кеш өтті. Шара Филология факультетінің студенттері мен Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры А.Тоқсамбаеваның ұйымдастыруымен өткізілді.
Әдеби кешке университет басшылығы, жазушының жары, ақын, ұстаз Шәмшабану Хамзақызы мен қаламгердің перзенттері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, әдебиеттанушы-ғалым Серік Негимов, ақын, баспагер Ғалым Қалибекұлы, қордың атқарушы директоры, ақын, ұстаз Серік Қалиев, ақын Дүйсенәлі Әлімақын, Семейдегі зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Кеш шымылдығы Филология факультетінің 4-курс студенті Бейісхан Хабдолланың арнауымен ашылды.
Шара барысында Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұ.Есдәулет З.Сәнікұлының қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар факультет студенттері Т.Еженхан, Т.Кайрат, Қ.Дәуренқызы, Ж.Ракатова мен А.Кылышпаевалар З.Сәнікұлының шығармашылығы, "Жетеліге жетпіс сөз" танымал қойын дәптерлері, "Сергел", "Басбай" романдары туралы баяндама жасады.
Зейнолла Сәнік саналы ғұмырын талмай ізденіске, шығармашылық тұрғыдан кемелденуге, елге қажетті тарихи һәм этнографиялық мұрағаттарды жинауға арнаған ғалымның бірі. Жазушы мұрасы халқымен бірге мәңгілік жасайды!