Мерейтой

Пресс-служба     25 Sep,2019        

Шәкәрім университетінің профессоры, белгілі педагог- ғалым Ерғали Есенжоловпен сұхбат

 

– Сіздің ұстаздық жолды таңдауыңызға не себеп болды?

– Менің әкем Қабдолла Ұлы Отан соғысына қатысқан  майдангер еді. Майдан даласынан жарақаттанып келген әкем ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінің мұғалімі болды. Ол кезеңде мұғалім өте мәртебелі мамандық еді. Сондықтан болар, халық мектеп ұстаздарын ерекше құрмет тұтып, оларға қарап бой түзейтін. Үлкендер бата бергенде мұғалім бол деп жататын. Бізде сол ауыл интелегенциясының жанұясында өстік. Мұғалімнің баласы деген атаққа лайық болып өсуге тырыстық. Мектепте жұмыс істейтін әкемізге кір келтірмеу үшін барынша тырысып, жақсы оқуға бар күшімізді  салатынбыз.

Біздің ауыл Семейден 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Изатолла  ауылындағы мектептен түлеп ұшқан атақты желаяқ, қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада жүлдегері Ғұсман Қосанов, әйгілі күміс көмей әншілер Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов сынды тұлғалар елімізге кеңінен  танымал болған.

Өзімнің үлкен нағашы атам Аймаш ақсақал капитан шенін алған адам еді. Ол кезде ондай адамдар  ауылда өте сирек кездесетін. Сонымен қатар, ауылымыздан бірнеше генерал шыққан. Міне, осындай  танымал адамдар өскен ортадан  тәлім-тәрбие алып өстік.

Ол кезде мектепті алтынға бітірген талапкерлердің таңдауы мол болатын. Соған қарамастан жаныма жақын педагог мамандығын ойланбастан таңдадым. Өйткені, мен үшін ол кезде мұғалімдіктен жоғары мәртебелі қызмет жоқ еді. Және де осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінбедім. Өзімді бүгінгі таңда сол таңдауымның жемісін көріп отырған адам деп санаймын.

– Сіз білім саласында 45 жылдан астам қызмет жасаған тәлімгерсіз. Ұстаз бақыты деген не?

– Менің түсінігімде өз мамандығын сүйген адам, өз қызметінен ләззат алады. Мәселен жақсы дәрігер болып, талайға шапағаты тиіп жүрген талай  ақ халатты жандарды білеміз. Ал ұстаз бақытына келсек, қазақта: «Шәкіртсіз ұстаз – тұл», – деген жақсы сөз бар. Ұстаз бақыты –шәкіртінің табысы.

Бала кезімізде біздің үйіміз мектепке жақын болды. Кейде әкеміз түн ортасына дейін педсоветке қатысып, үйге кеш қайтатын. Сонда үйдегі барлық бала  мектептегі шамның сөнуін күтіп, әкемізді  тағытсыздана  күтіп, терезе алдында отыратынбыз. Жұмыстан шаршап келген әкеміз кейде  шәкірттерінің табысын шабыттана  айтып, марқайып  қалатын. Міне, ұстаз бақыты деген осы шығар!

Білім саласында жарты ғасырға жуық уақыт қызмет етіп келем. Осы жылдар ішінде қаншама шәкірттер алдымыздан өтті. Алды бүгінде қоғам, ғылым қайраткері. Ең бастысы ұстаздық  қызметіңнің  жемісі әрдайым көз алдыңда. Кейде бір шәкіртің туралы жайсыз әңгіме естіп қалсаң, кәдімгідей қынжылатын сәттер де болады.

– Сіздің өмірдегі басты ұстанымыңыз.

– Адалдық. Қарапайымдылық. Сыйластық. Осы үш қасиетті бойына дарытқан адам өз ортасынан берік  орын табатындығына өмірлік тәжірибемнен көзім жетті.  Осы ұстанымдар  менің өмірлік қағидама айналды. Бұл менің ата-анамның тәрбиесінен дарыған тәлім  деп білемін.

Екінші білімді адамды айрықша құрмет тұтамын. Кезінде заманымыздың заңғар жазушысы  Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деген еді. Қай кезеңде болмасын білімдінің өрісі кең ғой. Осы саналы өмірімде  қазақтың  талай игі жақсысымен дастархандас, пікірлес болдым. Осының  өзі  кез-келген пенденің маңдайына жазыла бермейтін бақыт деп білемін.

– Тәжірибелі ұстаз ретінде бүгінгі жастарға деген көзқарасыңыз қандай?

– Бір ойшыл: «Бала әкесінің баласы емес, заманның баласы», – деген екен. Бүгінгі жастардың өмірге деген түсінігі де, көзқарастары да өзгеше. Студенттерге дәріс беріп, олармен етене араласып жүргендіктен олардың тірлігінен жақсы хабардармын. Жалпы бүгінгі жастарға көңілім толады. Көптеген жастардың бойында білсем, игерсем деген талпыныс бар. Әсіресе бірнеше тілді игеріп, озық технологияларды, заман жетістіктерін игеруге талпыныс жасап жүрген жастарға дән ризамын.

Көптеген студенттер сабақтан тыс уақытта еңбек етіп, қосымша табыс табуға тырысады. Жастарымыз  өздерінше тірлік жасап, ата-анасына  масыл болғысы келмейді. Бұл да жастардың бойындағы құптарлық жақсы  қасиет деп білемін.

Ахмет Байтұрсынов:«Тәрбие жоқ жерде білім жоқ»,- десе, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»-деген екен. Білім мен тәрбие егіз ұғым. Сондықтан  әрдайым жас ұрпақтың тәрбиесі қоғамның басты назарында болу керек.

Жастарымыздың елге, жерге деген сүйіспеншілігі жоғары болып, ұлттық рухы мықты болу керек. Рухты халықтың болашағы да зор.  Тіл, діл мәселесі әрдайым алдыңғы қатарда тұрғаны дұрыс. Өкінішке орай, кейбір жастарымыз  ана тілінен жеріп жатса, екінші біреулері теріс ағымдардың жетегінде кетуде. Бұл ұлт болашағы үшін өте қауіпті қатер. Егеменді Отанымыздың болашағы бірінші кезекте ел ертеңі болатын жастардың қолында деп білемін.

– Әңгімеңізге көп рахмет! Мерейтойыңыз құтты болсын!

 

Сұхбатты жүргізген

Жансая Телеуғазы,

журналистика мамандығының студенті.