Бүгін Шәкәрім университеті жанынан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Семей филиалы ашылды. Рәсімге зиялы қауым өкілдері, тіл және әдебиеттану, өнер салаларының мамандары, отандық жетекші ғалымдар, БАҚ өкілдері мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы қатысты.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Шәкәрім университетінің іргетасы бір жылда, 1934 жылы қаланған екен. Ең көне ЖОО мен ғылыми институт арасындағы байланыс мәдениет пен ғылымның алтын көпірі іспеттес. Филиалдың Абай өңірінен бастау алуы – заңдылық. Себебі, Семей – Ұлылар мекені, Абайды, Шәкәрім мен Мұхтарды, Дулат Бабатайұлын, Абайдың ақын-шәкірттерін туғызған, Ақтамберді мен Ақтайлақ билердің мекені.
Құттықтау сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің басшысы Думан Орынбеков шараның тарихы маңыздылығын айтты.
- Семей елі – өнердің қайнаған ортасы. Тарихқа жүгінсек, алғашқы әуесқойлық театрдың негізі Семей жерінде қаланған екен. Өңіріміздегі театртану ғылымының дамуы, ондағы мәселелер де осы филиалдың негізгі зерттеу нысаны болмақ,- деді ректор.
Өз кезегінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов Шәкәрім университетінің басшылығына филиалдың ашылуына қолдау көрсеткіндігі үшін алғысын білдіріп, білім ордасы түлектері аталған ғылыми мекемеде қызмет атқарып келе жатқанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта да олардың қатары арта беретінін айтты.
Басқосу аясында «Семей филиалы: өңірдегі әдебиеттану, өнертану салаларының өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д., профессор Арап Еспенбетов «Ғылыми мектеп, оның қалыптасу, даму жолдары», ф.ғ.к, доцент Ақмарал Смағұлова «Жас әдебиетшілер клубы», PhD доктор Қарлығаш Әубәкірова «Қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» тақырыптарында баяндама жасады.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Семей филиалы директоры Бауыржан Ердембеков филиалдың негізгі бағыттарына, алдағы жоспары мен мақсат-міндеттеріне тоқталды.
- Шапағаты жалпақ қазақ жұртына жеткен туған өлкеміздегі тұлғаларды дәріптеу және олардың рухани мұрасын бүгінгі ұрпақ игілігіне жарату мақсатында 2021 жылдан бастап Шәкәрім университетінде «Семей рухы» кешенді жобасын іске қостық. «Семей рухы» жобасының бір тармағы әдеби өлкетану, тарих пен өнер, тарихи өлкетану мәселелерін қамтиды. Болашақта бұл филиал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай облыстарының әдебиеттану, өнертану ғылымының дамуына ықпал жасап, әдебиет, өнер бойынша өзекті мәселелердің шешімін таппақшы,- деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
Филиал жұмысы өңір бойынша өзекті тақырыптарды қарастыруды қолға алмақ. Атап айтқанда, әдеби, мәдени, тарихи өлкетану мәселелері, Абайдың «Толық адам», Шәкәрімнің «Ар білімі» концепциялары, жаңа түркі дәуіріндегі қазақ әдебиетінің рөлі, Солтүстік-шығыс өңірі ақын-жазушыларының әдеби тынысы, М.Әуезовтің Семейдегі кезеңі және т.б..
Заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ХХ ғасырдағы биік шыңы – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным түсінігі болатыны сөзсіз.