Бүгін Шәкәрім университетінде Инженерлік-технологиялық факультетінің бұрынғы Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтының 60 жылдық мерейтойы және Диссертациялық кеңестің 30 жылдығы сән-салтанатымен аталып өтті. Мерейтойға университет басшылығы, отандық және шетелдік ғалым-академиктер, қалалық және қоғамдық ұйым басшылары, білім беру ісінің үздіктері, оқу орнының ардагерлері, институтты ашуға үлес қосуға атсалысқан қазақ зиялыларының ұрпақтары, профессор-оқытушылар құрамы, белді зиялы қауым өкілдері, институт түлектері және әлеуметтік серіктестер қатысты.
Институт 1963 жылы негізі қаланып, 540 студент оқуға қабылданады. Факультет 1965 жылдан Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібінің технологиялық институтының Семей филиалы, ал 1980 жылдан Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институты болды.
Тағылымды шара ғұлама философ Ш.Құдайбердіұлының ескерткішіне гүл қоюмен басталды. Жиын барысында түлектер форумы өтті. Форумда техника ғылымдарының докторы, «Тамақ өндірісінің технологиясы және биотехнология» кафедрасының профессоры Әмірханов Құмарбек "Шығыстағы білім және ғылым ордасына 60 жыл" тақырыбында баяндама жасады.
Салтанатты кеште альма-матердің танымал түлектері, серіктес университеттер мен кәсіпорын басшылары құттықтау тілектерін жолдап, аталған оқу орнында оқығандарын ерекше мақтан тұтатындықтарын тілге тиек етті.
Шара аясында профессор-оқытушылар құрамы мемлекет үшін білікті де білімді мамандар даярлауға қосқан үлесі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, облыс, қала әкімдерінің грамотасымен, университеттің дамуына зор үлес қосқаны үшін Шәкәрім медалімен, "Құрметті профессор" атағымен марапатталды. Мерекелік бас қосу инститтуттың дамуына сүбелі үлес қосқан профессорлардың есімі берілген атаулы дәрісханалардың ашылуымен жалғасын тапты. Мерейтой аясында 2 атаулы дәрісхана, диссертациялық кеңес залы мен оқу залы ашылатын болады.