Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі13 мамыр 2022кездесу, аөк

АГРАРЛЫҚ САЛАДА АУҚЫМДЫ МӘСЕЛЕ КӨП

Экономикамыздың көшбасшысы – аграрлық сектор. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру мақсатында елімізде бірқатар міндеттер қойылған. Бүгін Шәкәрім университетіне облысымыздың тумасы, ҚР Парламенті Сенат депутаты – Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусин жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында депутат қара шаңырақтың тыныс-тіршілігімен танысып, аграрлық салада білім алып жатқан университет студенттерімен кездесті. Сенатор Шәкәрім шаңырағының алдағы жоспары ауқымды екенін тілге тиек етіп, білім ордасының бүгінге дейін атқарылған жұмыстары аз емес екенін атап өтті.
Кездесу екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы, саяси реформаларды жүзеге асыру мәселелерін айтты. Дүйсенғазы Мағауияұлы өз сөзінде еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы туралы сөз қозғады.
Өз кезегінде Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова кездесудің маңыздылығын айтып, бүгінгі таңда университет пен шаруа қожалықтары арасында бірқатар жұмыс жүргізіліп келе жатқандығын айтты.
Жиында АӨК кадрларды даярлау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тамшылап суғару, ауыз су мәселелері де қозғалды.