Бүгін Абай театрында бұрынғы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының 70 жылдығы мен ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Тоқаевтың 80 жас мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Халықаралық шараға Абай облысы әкімдігі, Семей қаласы әкімдігі, университет басшылығы, отандық және шетелдік ғалым-академиктер, қалалық және қоғамдық ұйым басшылары, білім беру ісінің үздіктері, оқу орнының ардагерлері, институтты ашуға үлес қосуға атсалысқан қазақ зиялыларының ұрпақтары, профессор-оқытушылар құрамы, белді зиялы қауым өкілдері, институт түлектері және әлеуметтік серіктестер қатысты.
Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев құттықтау сөзінде:
–...Шәкірт боп келіп, ғылымның төрінен орын алған Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаевқа жасалған ерекше құрмет белгісі!
Біз Ағаға қарап, бой түзейміз. Ой түзейміз. Себебі, ерте жастан еңбекке араласып, саналы ғұмырын ғылым мен қоғамға арнаған Зейнолла Қалымбекұлының парасат жолы баршамызға үлгі, өнеге!
Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Бауыржан Ердембеков 70 жыл бұрын іргетасы қаланған қара шаңырақтың мерейтойының «Құрметті профессор», зооветериналық институттың ректоры болған Зейнолла Қалымбекұлының 80 жас мерейтойымен тұспа-тұс келуі заңды әрі тарихи құбылыс екендігін айтты.
– ...Мұнайға ғана сеніп мұңайып қалған қазақтың бүгінгі аңсары ауыл. Ендігі үміт кеше қаңсытып қалдырған ауылда екенін кеш те болса түсінгендейміз. Семейдің де негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы. Олай болса ел мен жердің жыртығын жамап, малын баптар агроном мен мал дәрігері бізге керек-ақ...70 жылдық тарихы бар шаңырақтың жұлдызы енді туар деп үміттенейік, ағайын!».
Зейнолла Тоқаев – кафедрада ассистенті қызметінен бастап көрнекті ғалым, Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтын талай жылдар басқарған білікті басшы. Бүгінгі күнге дейін ел азаматтарының алдыңғы қатарында жүріп, оқу орнынан байланысын үзбей магистранттар мен докторанттардың ғылыми ізденісіне, университеттің ғылыми әлеуетіне үлкен септігін тигізіп жүр.
Институт тарихында 2 – Еңбек еpi, 2– Ауыл шаруашылығы министрі, Кәсіподақ конфедерациясының Президенті, Тұңғыш қазақ олимпиада чемпионы, Одақтағы депутаттарды айтпағанда, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Сенатының 30-ға жуық депутаттары түлеп ұшқан.
Салтанатты кеште альма-матердің танымал түлектері, серіктес университеттер, ғалымның замандастары құттықтау тілектерін жолдап осы оқу орнында оқығандарын ерекше мақтан тұтты.
Пленарлық отырыс барысында академик Т.Садықұлов «Қазақстандағы қой шаруашылығының жағдайы мен даму болашағы», Майқанов Б. «Щучинск-Боровской курорттық аймағындағы экологиялық жағдай», С.Дүйсембаев «Өнім сапасы мен қауіпсіздігі», Л.Құтұмбетов, Б.Мырзахметова «Отечественная вакцина QazCOVID-in (QazVac): разработка, испытания и производство» тақырыптарында баяндама оқыды.
Шара аясында профессор-оқытушылар құрамы мемлекет үшін білікті де білімді мамандар даярлауға қосқан үлесі үшін Облыс әкімінің грамотасымен, университеттің дамуына зор үлес қосқаны үшін Шәкәрім медалімен марапатталды. Сондай-ақ кеште елімізге белгілі еңбек сіңірген қайраткерлер өнер көрсетті.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналған ғалымдар, зерттеушілер қазіргі кезеңдегі ветеринария ғылымы және практикасының қазіргі мәселелері, мал шаруашылығындағы ғылым және тәжірибе интеграциясы: генетика, селекция, биотехнология, агрономия және орман шаруашылығының қазіргі мәселелері, тағам өндіру және өңдеу саласын дамуындағы инновациялық технологиялар, АӨК-дегі экономикалық даму және басқарудың инновациялық тәсілдері жайында бірқатар тақырыптарды қозғап, саланың, мамандықтың беделін арттыруға қатысты мәселелерді тілге тиек етті.
Мерейтойлармен ұштасқан конференция «ШӘКӘРІМ-АГРО-2022» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесімен жалғасын тапты.