Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі11 шілде 2022шакарим, студенты, шакарим университет, возложение цветов, акимат города

БАБА РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Бүгін Шәкәрім Құдайбердіұлының туған күні. Ұлы тұлғаның туған күніне орай Семей қаласының әкімдігі мен университет ұжымы бірлесе отырып Шәкәрім бабамыздың ескерткішіне тағзым ету шарасын ұйымдастырды.

Шараға қаланың зиялы қауым өкілдері, белсенді жастары, БАҚ мамандары және университет профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты.



Алқалы жиында қала әкімінің орынбасары А.Садырбаев сөз алды:

– ...Бабамыздың шерлі, мұңды тарихы әрқайсымыздың жадымызда сайрап жатыр. «Ұрпағым» деп ұлы мұратқа ұмтылып, базкешкен ұлы даланың төл перзенті бүгінгі күні заңғар биіктен әрқайсымызға шапағатшы болып тұр деп есептеймін...Шәкәрім мұрасын мұқият зерделеп, қаперіне түйген ұрпағымыз көп болсын! Шәкәрімнің атындағы іргелі оқу орнының түлектері еліміздің көк туын асқақтатып, өзге мемлекеттермен тең дәрежеде дамуы жолында аянбай қызмет етсін деп тілеймін!

Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақ мәдениеті тарихында орны зор, замандастарынан ойы озық, еңсесі биік ерекше тұлға. Ол – заманының озық ойлы демократы, ірі ағартушысы, терең ойшылы, қоғам қайраткері.



Шара барысында тарихшы, ғалым М.Каримов Шәкәрім қажы жайында тың тарихи естеліктерімен бөлісіп, жастар үшін бұл игі шараның маңызды екеніне тоқталды:

– «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші өзі өлсе де, сарқылмас рухани қазына қалдырған Шәкәрім атамыздың рухына тағзым ету – біздің басты парызымыз!

Бүгін бабамыздың туған күніне орай оқу ғимаратында Шәкәрімнің әуезді әндері қосылып, магистратураны бітіруші түлектерге диплом табысталатын болады.