Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі09 маусым 2022ғылым, образование, жастар

БАСТЫ МӘСЕЛЕ: ЖАСТАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ

2022 жылдың 9 маусымында бітіруші және болашақ докторанттардың ғылыми әлеуетін айқындау мақсатында университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембековтің жас ғалымдармен кездесуі өтті.
Мемлекет басшысы таяуда өткен Ұлттық ғылым академиясының сессиясында:
Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы. Ұлы далада өркендеген ғылымның тамыры тым тереңде жатыр. «Адамзаттың екінші ұстазы» – Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – соның айқын көрінісі, – деп Президент ғылымның мемлекет үшін аса маңызды екенін атаған болатын.
Ғылым да, білім де ұлттың баға жетпес қазынасы. Қазір Шәкәрім университеті ғылыми бағытта жасалып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударуда. Былтырғы жылдан бастап профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың жаппай ғылыммен айналысуы қолға алынып, талаптар күшейтілген болатын.
Ендігі кезекте университет басшысы жаңадан құрылған Абай облысында іргелі ғылымдармен айналысатын жас ғалымдардың санын арттыру мәселесін бүгінгі күн тәртібіне қойып отыр. Ол үшін уақытында диссертациялық жұмыстардың қорғалуы, әлемдік елдердің озық тәжірибелерін жинақтау және халықаралық дәрежелердегі жоғары оқу орындарынан тағылымдамалардан өтудің маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті.
Басқарма төрағасы Б.Ердембеков:
«...Жоғары оқу орнының негізгі стратегиялық ресурсы – жас ғалымдар. Сіздер облыстың ғылыми әлеуетін қалыптастыруға және дамытуға мотивациялық орта ретінде ықпал етулеріңіз қажет!»
Ғылым және инновация жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызының айтуынша, Шәкәрім университетінде Жас ғалымдар кеңесі жұмыс істейді. Оның құрамында 27 жас ғалым бар, олардың 7 - уі ғылым кандидаттары. Проректор, қазір жас ғалымдарды ынталандыру бойынша гранттық қаржыландыру жобаларының жүзеге асырылып жатқанын хабардар етті.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова өз кезегінде, жастардың ғылыммен шұғылдануына қолайлылық туғызу үшін 35 жасқа дейінгі жастардың оқу жүктемесіндегі сағаттарының төмендетілгенін, биылғы жылдан бастап ағылшын тілін меңгерген білікті ұстаздарға қосымша үстемақы төленетінін және т.б. мүмкіндердің қарастырылып жатқанын атап өтті.
Бауыржан Аманкелдіұлы:
– «Біз сіздердің білім және ғылым жолындағы бағыттарыңызды, сонымен қатар туындаған мәселелеріңіз бен жаңа ұсыныстарыңызды біліп отыруымыз керек. Мен шәкәрімдік жастарға сенемін!» - деп өз сөзін қорытындылады.
Ғылым саласындағы мамандарды даярлау арқылы «Жаңа Қазақстанның» болашағын айқындай алатынымыз анық. Ғылыми инновацияларға ынталы жоғары білікті мамандардың жетіспеушілік мәселелері алдағы уақытта шешімін табар.
ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІ АРТА БЕРСІН!