Жиынға референдум бойынша қоғамдық қолдау республикалық штабының өкілі Ұ.Есдәулет, қала әкімінің орынбасары А.Садырбаев, «AMANAT» партиясы Семей қалалық филиалының атқарушы хатшысы Қ.Қақанов мырзалар және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
ҚР Жазушылар Одағының төрағасы, ақын, Ұлықбек Оразбайұлы жиналған қауымды ең әуелі Абай облысының құрылуымен құттықтады.
Штаб өкілі, аталған заңнамалық өзгерістердің қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жалпылама мазмұнын таныстырды.
– «Жаңа конституция бойынша парламент бірінші орында тұратын болады. Парламентке толықтай билік беріледі, шешуші сөзді парламент айта алады. Президенттің өкілеттігі қысқарылып, Парламенттің және оның палаталарының рөлі едәуір күшейіп, мәртебесі артады».
Басқарма Төрағасы – Ректор Бауыржан Аманкелдіұлы Шәкәрім университетінің мемлекет дамуы жолындағы саяси-идеологиялық мәні бар жұмыстарда үнемі белсенді екенін атап, университетте Конституцияға енетін өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарының атқарылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, ректор 5 маусымда Шәкәрім шаңырағының жалпыхалықтық референдумда «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып», азаматтық ұстанымдарын танытатындарына, референдумға белсене қатысатындарына сенім білдірді.
«Үш анық» алаңына жиналған университет ғалымдары және университет түлегі, ақын Мерей Қарт бұл науқанның қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауына негіз болатынын және халықтың сенімін қайтарудағы бірден-бір даңғыл жол екенін тілге тиек етті.
Шәкәрімдіктер алдағы референдумнан үлкен өзгерістер күтеді!
Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасайық!