Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі26 қыркүйек 2024референдум

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ТАҚЫРЫБЫ - «БЕЙБІТ АТОМНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ»

6 қазанда елімізде АЭС салуға қатысты жалпыұлттық Референдум өтетіні белгілі. Осыған орай Shakarim University Қазақстан Республикасының энергетика саласының жай-күйін және атом электр станциясын салу мәселелерін  талдау мақсатында «Бейбіт атомның артықшылықтары» атты дөңгелек үстел өткізді.

 

Университет ректоры Д. Орынбеков 28 қыркүйек – атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткізіліп отырған іс-шараның маңыздылығына тоқталып, Shakarim University-дің ядролық энергетика саласына ұзақ жылдар бойы мамандар даярлап келе жатқанын және Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықпен тығыз серіктестік қарым-қатынас орнатқан бірегей білім ордасы екенін  атап өтті.

 

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Ядролық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Азат Сарпеков, «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығы Атомдық технологиялар ақпараттық орталығының директоры Сейіт Әлиев, Ұлттық ядролық орталықтың өкілі Қуанышбек Төлеубековтермен қатар, шетелдік сарапшылар Хиросима Университетінің профессоры Масахару Хоши мен Паннония Университетінің ғалымы Миклош Хегедуш атом энергетикасын дамытудың халықаралық тәжірибесі жөнінде баяндамаларын ұсынды.

 

Алғашқы болып сөз алған Азат Сарпеков: «Ел экономикасының тұрақты өсуі электр энергиясына деген сұраныстың артуымен қатар жүреді. Қазіргі таңда еліміздің электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі көмір станцияларына тиесілі. Ол жалпы өндірістің 66% құрап отыр. Ал, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6% ғана. Жаңартылатын энергия көздері табиғи-климаттық жағдайларға тәуелді болғандықтан, электр энергиясын өндірудің тұрақты базалық көзі бола алмайды. 2035 жылға қарай елімізде электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ құрайды деп болжанып отыр. Осыған байланысты 2035 жылға қарай жиынтық қуаты 26,5 ГВт жаңа өндіруші қуаттарды іске қосу қажет болады»- дей келіп, АЭС салудың қажеттілігіне тоқталды.

 

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Атамекен» ҚР ҰКП, «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығы өкілдері, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Қарағанды индустриялық университеті, Торайғыров Университеті және Shakarim University профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім алушылары және Абай облысы қоғамдық ұйымдарының өкілдері қызу пікір алмасты.