Бүгін Ғылым апталығы аясында Гуманитарлық-экономика факультетінде АҚШ мемлекетінің Wenner-Gren грантының иегері Арафат Мамырбековтың дәрісі өтті. Дәріс ISET жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер, білім алушылар қатысты.
Iset – бұл студенттерге бизнес пен экономика саласында ғана емес, ақыл-ой мен рухани дамуға көмектесетін бірегей жоба.
Мамырбеков Арафат – 2006 жылғы Шәкәрім университетінің «Тарих» мамандығы бойынша магистратура түлегі. Тарих ғылымдарының кандидаты, ABU доценті. Казіргі таңда Канадағы Калгари университетінің «Антропология» мамандығының 2 курс докторанты, АҚШ мемлекетінің Wenner-Gren грантының иегері.
Дәріс барысында мейман қатысушылармен өмірлік іс-тәжірибесімен бөлісіп, гранттық жобалар бойынша бірқатар кеңес берді. Дәрісте лектор үнемі ізденісте болуды, көшбасшылық қабілеттерін дамыту мен қателіктермен жұмыс істеу маңызды екендігін атап өтті.
-Осындай іс-шара студенттерге, кәсіпкерліктің болашақ сарапшыларына өз ісін бастауға үлкен мотивация береді. Мен бүгін сіздермен алда болатын мақсаттар мен міндеттермен бөліскім келеді. Мен Шәкәрім университетін бітіргеніме он жеті жыл болады. Мен мұғалім болып жұмыс істедім: адамдармен қарым-қатынас жасау, оларға жаңа нәрселерді үйрету керемет болды. Бірақ жүрегімде мен басқа нәрсе жасағым келетінін сезіндім. Тәжірибе жинадым, оқыдым, шетелдік жобаларға қатыстым,- деді Арафат Мажитұлы.
Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті, онда қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мейманмен байланыс орнатты.
Ғылым апталығы аясында аталған факультетте кескіндеме бойынша шеберлік сыныптары, Тарих және құқық кафедрасының Этномузейіне саяхат, психологиялық ойын алаңы, студенттік үйірмелердің ашық отырыстары, «4-ші буындағы еуропалық университеттердегі жоғары білім берудің қазіргі даму тенденциялары – музыкалық білім берудегі менеджмент» семинары өткізілді. Апталық ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы шеңберінде ұйымдастырылды.