Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі04 қаңтар 2024мәжіліс депутаты, лудомания

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА

Бүгін Шәкәрім университетінде ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Руслан Берденовтің Абай облысының жастарымен кездесуі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың арасында ойынқұмарлықтың алдын-алу.

 

Кездесуді алғы сөзімен ашқан Shakarim University ректоры Думан Орынбеков бүгінде өзекті болып отырған лудоманияның белең алып жатқанын тілге тиек етті.

 

-Қазіргі қоғамды азғындықтың неше түрі жайлаған. Соның ішінде лудомания (құмар ойынға әуестік) белең алып бара жатыр. Бүкіл тапқанын ойынға салып, азартқа кіріп кеткен азаматтар қаншама?! Соның ішінде, өкінішке орай, студенттер де бар. Бүгінгі кездесу Сіздерге ерекше әсер етеді деген ойдамын. Бұл кеселмен халық, әлеумет болып күресуіміз керек. Себебі, оның артында отбасы ғана емес, күллі ұлт тағдыры жатыр, - деді Думан Рымғалиұлы.

 

Іс-шара барысында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Руслан Арысбекұлы жастардың арасында кең таралған қасіретті қатердің бірі – құмар ойынға әуестік мәселесіне ерекше тоқталып өтті.

 

Айта кету керек, елімізде статистика мәліметтері бойынша соңғы жылы 350 мыңнан астам қазақстандық лудоман есебінде. Өткен жылдан бері 2 мың сайт бұғатталып, онлайн-казино аккаунттары жұмысын тоқтатқан. Осы ретте
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салалық министрліктерге заңсыз ойын түрлеріне деген шектеуді арттыруды тапсырды. Сонымен қатар арнайы органдардың аталған мәселені қолға алуын міндеттеп, лудоманияға қарсы күресте тәрбие мен түсіндіру жұмыстарының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. 

 

Мәжіліс депутаты қазіргі жас буынның ғаламторға деген тәуелділігі күн артып өсіп келетінін баса айтты. Тіл үйреніп, спортпен шұғылданудың орнына, өскелең ұрпақтың әлеуметтік желіні қалт жібермей, өзінің өмірінен өзгенің өмірі қызығырақ көретіндіктерін де жасырмады. Осы ретте Руслан Берденов шараға қатысушыларға жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды. Сөз соңында жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.