Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі12 қаңтар 2023семинар, профессор-оқытушылар құрамы, білім беру әлеуетін күшейту

"ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ӘЛЕУЕТІН КҮШЕЙТУ" ЖОБАСЫ АЯСЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Дүниежүзілік Банктің ұйытқы болуымен 2021 жылы басталып, еліміздің педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарын қамтыған «Педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту» компоненті бойынша жоба өз жалғасын табуда.
Назарбаев университеті, HAMK университетінің (Финландия) педагог зерттеушілерімен бірге жүзеге асырылып жатқан аталмыш жоба шеңберінде 30 білім беру бағдарламасын пысықтау, оларды пилоттау және масштабтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Шәкәрім университетінің 7 оқытушысы да аталған жобаның қатысушысы ретінде өз бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеуге белсене қатысуда.
Әртүрлі форматтағы шаралар педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларының мазмұны мен құрылымын өзектендіруге, жаңартуға бағытталды. Сондай шараның бірі ретінде жобаның 4-кезеңі аясында ұйымдастырылған семинарды атауға болады.
Жоба қатысушылары университеттің педагогикалық бағыттағы ББ менеджерлері мен жауапты оқытушыларды қамтыған оқыту семинарын ұйымдастырды. Негізгі мақсат – «Педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту» жобасы бойынша жүргізілген жұмыстар барысымен таныстыру, жоба қатысушылары әзірлеген ББ силлабусының шаблонын талдау.
Семинарға қатысушылар топтық жұмыс барысында жоба ұсынған силлабус шаблонын өз оқу орнының силлабусымен салыстырып, әрқайсысының артықшылығы мен кемшіліктерін көрсетіп, өз ой-пікірлерін «Ойлаң, жұптас, бөліс» әдісі негізінде білдірді.
Шара барысында силлабус құрылымындағы студенттер мен оқытушылар үшін қандай бөлімдер қажет, курс бойынша құзыреттіліктерді нақтылау және бағалау мәселелеріне қатысты ойлар ортаға салынды. Тартысты да қызықты өткен оқыту семинары студентке бағытталған оқыту, құзыреттілікке негізделген білім беру жүйесін оқу үрдісіне енгізуді жалғастыру қажеттілігін көрсетті дейді ұжым мүшелері.