Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі15 желтоқсан 2022мерейтой, ғылыми-тәжірибелік конференция, зиялы қауым өкілдері

ҚАБАНБАЙ БАТЫРДЫҢ 330 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛДІ

Шәкәрім университетінде Қаракерей Қабанбайға арналған «Батыр бабалардың отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына университет басшылығы, Абай облысы әкімдігі, отандық ғалымдар, тарихшылар, елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Жиынды ашқан Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков батырдың мерейтойы аясында Қабанбайтану, батырды ұлықтау мәселелерін шешу керектігін айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
-Қазіргі ұрпақ Қабанбайды қаншалықты біледі? Әсіресе, жастар! Қанша кітап жазылды? Қанша фильм, деректі фильм? Архив құжаттары не дейді? Соңғы отыз жылда қандай архив деректермен толықты? 103 рет жекпе-жекке шықты,- дейміз. Нақты деректер жоқтың қасы, кімдермен шықты? 10-15 қалмақ батырдың атын атаймыз, қалғаны ше? Қай жерде, қай шайқаста т.с.с деректер жоқтың қасы. Мен ұсынар едім. Университеттегі екі спорт кешенінің бірін Қабанбай батырдың атын берсе! Әр бөлмесі, әр залы, әр пұшпағы бағана біз айтқан деректермен толығып, әр қабырғасына дейін сөйлеп тұрса...сонда біз батырдың ұрпақ жадында мәңгі сақталуына септігін тигізе аламыз,- деді ректор.
Конференция барысында ф.ғ.к., профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арап Еспенбетов, Абай облысының мәслихат хатшысы Қуаныш Сулейменов, Аягөз ауданының мәслихат депутаты, меценат Нұрланбек Тоқтабаев құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық мәжілісте келесі баяндамалар жасалды:
1. Каримов Мұхтарбек Қарпықұлы – т.ғ.к., Шәкәрім университетнің профессоры (Семей қ.)
«Қабанбай тұлғасы ауызша және жазбаша деректерде»
2. Камал Әбдірахман – Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы (Астана қ.)
«Есіл-Нұра, Ақмола өңірі топонимдері хақында»
3. Исин Амантай Исаұлы – т.ғ.к., Шәкәрім университетнің профессоры (Семей қ.)
«Қазақ шабуылдары және жоңғарияның күйреуі»
4. Каримов Айбек Мүтәләпханұлы – қоғам қайраткері, «Кетбұқа-Төлегетай» қоғамдық қорының өңір тарихын зерделеу жобасының жетекшісі (Өскемен қ.)
«Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар мен билердің орны»
5. Асылбеков Мұхаметбек Қасымханұлы – тарихшы-өлкетанушы (Семей қ.)
«Әбілпейіз Сұлтан – XVIII ғ. көрнекті мемлекет қайраткері»
6. Еңсенов Қанат Әлібекұлы – т.ғ.к., қауымдастырылған профессор, ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ.)
«Қабанбай батырға қатысты тың зерттеулер және экспедиция материалдары»
7. Айтхожин Қайрат Батханұлы – Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицей мұғалімі (Өскемен қ.)
«Қабанбайтану оқу құралының жазылуы және оны мектепте пән ретінде оқыту мәселелері».
Жиын соңында қатысушылар батырдың мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өткендігін, оның нүктесі қасиетті Семей жерінде, Абай елінің қарашаңырағында өткізілуі заңдылық екендігін тілге тиек етті.