Бүгін Абай облысы бойынша қаңтар айындағы ҰБТ басталды. Шәкәрім университетінен құрылған мемлекеттік комиссия бастаған делегация тестілеудің барысын қадағалап қайтты.
Қаңтардағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін БББТ-дан басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген ЖОО білім алушылары, ️ ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниет білдірушілер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО ақылы негізде оқуға қабылданғысы келетін мектеп түлектері қатысады.
Тіркелу кезінде тест тапсырушылар емтихан орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды. Айта кету керек, 2023 жылғы ҰБТ-да тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Қазақстан тарихы бойынша тестілеуге қатысушылар 20 тапсырманы, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды. Барлығы – 120 сұрақ. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады.