«Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры қайырымдылық бағдарламасы аясында бакалавриат дәрежесі бойынша Шәкәрім университетіне 11 білім беру грантын бөлді.
Бұл бөлінген білім беру гранттарына Талапкерлердің келесідей санаттары қатыса алады:
- ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасыдан шыққан талапкерлер;
- жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- мүгедектігі бар азаматтар;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан шыққан талапкерлер;
- 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;
- 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде жараланған балалар.
Бағдарламаға қатысудың шекті жасы 29 жасты құрайды.
Жоғары білімі бар адамның, сондай-ақ республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру гранты берілген азаматтардың аталған грантты алуына жол берілмейді.
«Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры бөлген гранттарға қатысу үшін құжаттар қабылдау ағымдағы жылдың 1-17 тамыз аралығында Қабылдау комиссиясы арқылы жүргізіледі.