Шәкәрім университетінің делегациясы ресми іс сапармен Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық орталығында болды. Шәкәрім университеті мен Ұлттық ядролық орталығы 1996 жылдан бастап тығыз әріптестік қарым-қатынаста. Қазіргі уақытта «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК білім ордасымен бірге Техникалық физика, жылу энергетикасы, экология және химия білім беру бағдарламалары аясында үш деңгейлі білім беру жүйесі негізінде мамандарды даярлауда. Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков – «Техникалық физика» ББ бірлескен диссертациялық кеңестің төрағасы.
Сапар барысында делегация өкілдері «Атом энергиясы институты», «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалдарының жұмысымен танысты. Институт реакторлық және реактордан тыс зерттеу қондырғыларында ең күрделі эксперименттік міндеттер мен атом энергетикасы саласында қызметтер көрсетуге, радиациялық қауіпсіздікке сараптама, талдау және бағалау жүргізуге қабілетті. Орталық ғалымдары Семей сынақ полигоны аумағындағы радиациялық ахуалын, адам мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін учаскелерді қолданысқа берілуі жөнінде де ғылыми жетістіктерге қол жеткізген.
Бұдан бөлек, ғалымдар теңдесі жоқ «Токамак» қондырғысымен танысты. Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, ғалым Эрлан Батырбековтың айтуынша, токамак – термоядролық және ядролық реактор мен технологияларды сынақтан өткізетін алғашқы қондырғы. Қондырғының басты міндеті – термоядролық энергетикада қолданылатын материалдарды іздеу және зерттеу.
Кездесуде тараптар Шәкәрім университетінде «Химия» ББ аясында Диссертациялық кеңесті бірлесіп ашу мәселесін талқылады. Ұлттық ядролық орталықтың басшылығы магистратура және докторантура бойынша «Техникалық физика» білім беру бағдарламасына түсу үшін мемлекеттік тапсырыс беруге ниетті екендігін жеткізді. Бұл арқылы орталық қызметкерлері мақсатты түрде оқу орнына түсіп, аталған мекемеде қызмет атқара алады. Сондай-ақ, кадрларды даярлау, білім беру бағдарламаларын келісу, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары шеңберінде қолданбалы сипаттағы бірлескен ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізу сынды мәселелерді талқылады.