Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған Shakarim University өзінің бай тарихи мұрасымен және қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығының әсерімен қалыптасқан рухани құндылықтарымен мақтанады.
16 қараша күні Shakarim University-де Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына арналған музей ашылды. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки, мерейтойдың құрметті қонақтары мен оқытушылар қатысты.
Университет ректоры Думан Орынбековтің айтуынша, музей интеллектуалдық күш-қуат орталығына айналып, Шәкәрім мұрасы мен Shakarim University миссиясын біріктіреді. Бұл музей тек өткенді сақтаушы ғана емес, сондай-ақ, жаңа идеялардың туындауына ықпал ететін орын болады.
Музей ашу – тек есте қалдыру іс-шарасы ғана емес, сонымен қатар, университет пен Шәкәрімнің рухани мұрасы арасындағы мәңгілік сабақтастықтың символы. Бұл – Шәкәрім тұлғасы мен шығармашылығының университет ұстанымының басты бағдары – темірқазығы ретіндегі маңыздылығын көрсетеді.
Ұлы ойшылдың толғанысқа толы ойларымен тыныстап тұрған тарих пен қазіргі заманның үйлесімін айқындаған музей дизайны филология ғылымдарының кандидаты, директор Тұрдықұл Шаңбайдың жетекшілігімен жүзеге асты. Музей директорының сөзіне сүйенсек, музейдің жалпы трансформациясы әлі алда, ол тек өткенді сақтап қана қоймай, қазіргі қоғамға қажет рухани және мәдени құндылықтарды терең ұғынуға мүмкіндік беретін платформаға айналуы керек.
Музей экспозициясы Шәкәрімді және оның мұрасын әр қырынан танып-білуге мүмкіндік береді. Биографиялық материалдар оның өмір жолы, ізденістері және Қазақстанның рухани мәдениетін дамытуға қосқан үлесі туралы баяндайды. Әдеби мұра сирек кездесетін қолжазбалар мен архивтік құжаттар арқылы ұсынылып, ақынның философиялық ойлары мен дүниетанымын ашады. Философиялық идеялар мен рухани ілімдер бөлек экспозицияларда негізгі принциптер ретінде көрсетілген. Шәкәрімнің тұтынған заттары мен жәдігерлері ағартушының күнделікті өміріне тереңірек үңілуге жол ашып, ұлы ойшылдың образын толықтыра түседі.
Музейдің университеттің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылуы оқу ордасының мәдени миссиясын дамытуға маңызды қадам болып табылады.
Музейде университеттің ғылыми және мәдени іс-шаралары өткізіліп, бұл жер студенттер мен оқытушылар қауымының шығармашылық ізденіс пен өзара тәжірибе алмасу орталығына айналады әрі ұлттық сананы қалыптастыру жолында маңызды рөл атқарады. Осылайша, Шәкәрім мұрасы болашақ ұрпақтарға жол көрсетіп, университеттің мәдени және білім беру әлеуетін нығайтады деп сенеміз.
Мұндағы айта қаларлық ерекшеліктің бірі – болашақ ұрпақтарға үндеу жолдау арқылы әр келушінің Шәкәрім атындағы музей тарихында өз қолтаңбасын қалдыру мүмкіндігі.