Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі20 мамыр 2022конференция, шәкәрім оқулары

«ШӘКӘРІМ ОҚУЛАРЫ – 2022» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Бүгін қара шаңырақта «SHAKARIM FORUM: жоғары білімдегі жаңа көкжиектер» форумы аясында дәстүрлі «Шәкәрім оқулары – 2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция қонақтары мен қатысушылары арасында бауырлас түрік елінің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, қала әкімдігі, университеттің құрылымдық бөлім басшылары мен студенттері, сондай-ақ Шәкәрімнің жиен-шөпшектері Еңсеханова Қайыртай мен Уақбаева Құралай және Шәкәрім бабамыздың өзге де ұрпақтары қатысты.
Тағылымды шараның алғы сөзі Басқарма төрағасы – Ректор Бауыржан Аманкелдіұлына берілді.
«SHAKARIM FORUM: жоғары білімдегі жаңа көкжиектер» деген атпен екі күн бойы ауқымды іс-шаралар өтуде. Бұл – тек әдебиеттанушы, тарихшыларды ғана емес, әртүрлі сала мамандарының басын қосқан, өзекті мәселелерін талқылаған, болашағын бағдарлаған бас қосу. Күні кеше құрылған Абай облысының өркендеуіне, қуатты өңірге айналуына ықпалын тигізер бастамалар деп есептеймін. Шәкәрім шығармашылығы турасында көптеген істер атқарылып, ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Қазіргі қоғамда Шәкәрімді насихаттауда не істемек керек? Шәкәрімтануда әлі де түгесілмей жатқандары не? Осы іспеттес сан алуан сұрақтардың жауабына бағыт-бағдар беру, пікір алмасу мақсатымен бас қосып отырмыз» дей келе «Арлы ақыл, ақ жүрек, адал еңбекті» серік еткен ақылы дария, парасаты кең, елман, азапты жеңе білген, азаттықты аңсаған Шәкәрім бабаның шығармашылығын бүгінгі күннің биігінен қарап талдап, бағалау – әрбір зерттеушіге, өнер иесіне де тән ортақ міндет екендігін тілге тиек етті.
Құттықтау сөз сөйлеген Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев бүгінгі шараның маңыздылығы мен Шәкәрім шаңырағының Абай еліндегі орнын ерекше атап өтті.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде Шәкәрім университетінің ф.ғ.д., профессор А.Еспенбетов «Шәкәрімтану: бүгіні мен болашағы», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика
бөлімінің меңгерушісі Б.Момынова «Жыраулар тіліндегі метафоралар мен Шәкәрім өлеңдеріндегі метафора түрлері», Анкара Қажы Байрам Вели университетінің профессоры Г.Құрмағалиева-Ерджиласун «Түркияда Шәкәрімтану мәселелері» , Қазан федералды университетінің Мәдениетаралық қатынастар және филология институтының татар әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Ф.Сайфулина «Роль переводов тюркоязычной литературы в межкультурном диалоге», «Астана» халықаралық университетінің ф.ғ.к., доцент А.Сейсекенова «Шәкәрімнің «Жар» әлемі» сынды шәкәрімтану ғылымының дамуына үлкен қозғау салатын ғылыми-танымдық баяндамаларын оқыды.
Халықаралық конференция барысында «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының 7 томдығының тұсауын ф.ғ.д., профессор, тілші-ғалым Ә.Ғарифолла мен Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ш.Жұмақсанов кесті. Жинаққа ақын шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдардың жаңа мазмұндағы тың мақалалары топтастырылды.
Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембековтың бастамасымен университет ғалымдарының үздік деп танылған еңбектерін «Шәкәрім кітапханасы» сериясымен шығатын болды. Конференцияда т.ғ.д., профессор Қ.Әмірханов пен т.ғ.к. Ж.Асиржанова «Тамақ өнімдерін өңдеудің физикалық тәсілдері» мен PhD доктор Қ.Әубәкірованың «Дәмелі» аудармалар жинағының тұсауы кесілді.
Шара соңында конференция барысы қорытындыланып, қарар қабылданды.