Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 наурыз 2023білім алушылар, кәсіптік бағдар беру, қала тұрғындары, наурыз 2023

ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫ НАУРЫЗ ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Шәкәрім ауылы Ұлыстың Ұлы күнінде қала жұртшылығына есігін айқара ашты. Білім ордасы облыс тұрғындарына көктем шуағын сыйлап, Наурыз мейрамын дүркіретіп өткізді.
Жиында рухани-танымдық іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Шәкәрім заманының жәдігерлер көрмесі, аруақты батырдың бірі – бүкіл Орта жүзге аты мәлім Тоқтамыс Лақаұлының құнды деректер топтамасы бұқара халыққа ұсынылды. Көрменің құнды жәдігері ретінде Абылай хан табыстаған туы мен 300 жылдық тарихы бар батырдың қылышы киіз үйден орын тапты.
Шара екі бөлімнен тұрды. 3 сағатқа созылған бірінші бөлімде 300-ге жуық мектеп оқушыларына арналған "Мамандықтар жәрмеңкесі", лотерея акциялары, студенттердің картиналары, Aesculap ветеринарлық клиникасының үй жануарлар көрмесі, робототехника, сирек кездесетін, көне кітаптар және т.б. жәдігерлер көрмелері өткізілді.
Мерекелік шараның екінші бөлімінде орталық сахнада барлық қала тұрғындары үшін шәкәрімдік өнерлі жастар ән шашуын төгіп, бұқара жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, жеңімпаздарға қаржылай бағалы сыйлықтар табысталды.
Ерекше айта кетерлік жәйт, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және толық емес отбасынан шыққан Семей қаласының 17 мектеп түлегіне "Шәкәрім гранты" табысталды.
-Шәкәрім университеті биылғы Наурызды жоғары дәрежеде тойлады. Білім алушылардың өнерін тамашалап, көне жәдігерлерді көрдік. Шынымен, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды. Шәкәрім шаңырағы жасай берсін!- деді қала тұрғыны Айжан Идрисова.
Шәкәрім шаңырағы абайлық жұртқа рухани қазынасы мол, игі іс-шара ұйымдастырып, ұлттық тағамдардан дәм татқызды.
Жаңарту мен жасампаздықтың бастауы әз-Наурыз мерекесі құтты болсын!