Шәкәрім университеті Наурыз мейрамын сән-салтанатпен атап өтті. Ұлыстың Ұлы мерекесіне арнайы шақырылған меймандар университет аумағында құрылған киіз үйді аралап, наурыз дастарханынан дәм татты. Аға буын өкілдері жастарға баталарын беріп, шежіреден біраз сыр шертті.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Университет басшысы Бауыржан Ердембеков жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Өз сөзінде Басқарма төрағасы Наурыз ынтымақ пен бірліктің мерекесі екенін жеткізді.
- Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Халқымыздың ұғымында әз-Наурыз жаңару мен жаңғырудың, үміт пен сенімнің символы. Түркі әлеміне ортақ, халқымыздың ең Ұлық мерекесі, жыл басы – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге шығармашылық табыстар әкелсін!- деді ректор.
Ұлыстың ұлы күнінде университет ұжымына «Газель» автокөлігінің кілті табыс етілді. Қызметкерлер оқу орнында ұзақ жылдар бойы жаңармаған көлік транспорты алынбағындығын тілге тиек етіп, білім ордасы басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Жиында арнайы дайындалған театрландырылған қойылым көрсетілді. Көпшіліктің назарына ұмыт бола бастаған «Аушадияр», «Қап қағар», «Сөз салу», «Аунату», «Ас тарту мәдениеті» сынды қазақ дәстүрлері ұсынылды. Қала жұлдыздары мен білім ордасының өнерлі жастары ән айтып, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, қара шаңырақта Ұлыстың Ұлы күнін тойлау 14 наурыз – «Көрісу күнінен» бастау алған болатын. Апталық аясында «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер күні», «Шымырлық пен шеберлік күні», «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні», «Ұлыстың ұлы күні», «Жоралғы күні» өткізілді.