Бүгін Шәкәрім университеті серіктестерімен бірге ашылған "Centrium" балалар, жасөспірімдер және жастарды дамыту орталығының тұсаукесерін өткізді.
Басты мақсат серіктес "Centrium" орталығымен бірлесіп Шәкәрім университетінің педагогикалық бағыттағы білім алушылары үшін практикалық алаң құру.
Жиында орталық пен Шәкәрім университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Рәсімге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ынтымақтастық білім алушылардың дуалды оқыту бойынша оқуға, педагогикалық іс-тәжірибеге өтулеріне, тағылымдамадан өтуге, түлектерді жұмысқа орналастыруға, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде ұзақ мерзімді байланыстар орнатуға бағытталған.
Іс-шара барысында серіктес «Centrium» орталығының жетекшісі Айнұр Қадырқызы орталықтың отандық білім беру мекемесімен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, Шәкәрім университеті – ұлттық ғылым мен мәдениеттің ірі орталықтарының бірі, ол жоғары кәсіби мамандарды ғана емес, сонымен қатар білікті педагог мамандарды дайындаумен айналысатынын баса айтты.
Өз кезегінде Басқарма төрағасы – Ректор Бауыржан Ердембеков болашақ педагогтарды сапалы даярлау үшін осы тәжірибелік алаңның рөлін атап, болашақта университет оқытушылары үшін зерттеу алаңы болуын баса айтты.
«Тәжірибелік алаң –инновацияны енгізу бойынша педагогикалық ғылым мен практиканың бірлескен қызметін ұйымдастыру нысаны. Бүгінгі таңда оқу орнында педагогикалық бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Педагогикалық бағытта оқып жүрген «Педагог-психолог», «Психолог», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламаларының студенттері іс-тәжірибеден өтіп, дуалды оқуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ білім алушылар «Әлеуметтік кредит» жобасы аясында орталыққа келіп, сағаттарын өтей алады. Бұл өз кезегінде орталық пен білім ордасы арасындағы байланысты нығайта түседі»,- деді ректор.
Тараптар ынтымақтастық аясында дуалды білім беру жүйесін бірлесіп дамытады. Оқу үдерісін нақты өндіріске барынша жақындату негізінде бакалавриат, магистратура және PhD докторантурада білім алушыларды даярлау сапасын арттыру, ұйымның кадрлық және материалдық-техникалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, білім алушыларды тарта отырып бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің біліктілігін арттырады.
Жиын барысында университет басшысы Бауыржан Аманкелдіұлы кәсіптік бағдар беру мақсатында №37 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының білім алушыларымен кездесіп, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Еркін форматта өткен кездесуде болашақ студенттер өздерін қызықтыратын сұрақтар қоюға, өзекті жауаптар алуға мүмкіндік алды. Мектеп оқушылары нарық сұранысына сай мамандықтар тізбегін, академиялық ұтқырлық, мұғалім мәртебесі жайлы сауалдарын қойды.
Анықтама: Орталық балаларды мектепке дайындайды. Атап айтқанда, Назарбаев зияткерлік мектебі мен Экономикалық лицейіне түсу емтиханы, ҰБТ, тілдік курстар бойынша жеке сабақтар өткізеді. Сондай-ақ би, шахмат, каратэ секциялары және Co-working орталығы жұмыс істейді.