Қалалық мәдениет сарайында Абай облысы Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Наурыз нақыштары» облыстық ақындар айтысы өтті. Шараның мақсаты – ұлттық өнерді насихаттау, салт-дәстүрді жаңғырту, көрерменге рухани азық сыйлау.
Айтысқа облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 10 ақын қатысты. Олар – республикалық, облыстық ақындар аламанында оза шауып, сөз барымтасында дес бермеген өрендер.
Дүбірлі доданы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры, ақын, Шәкәрім университетінің түлегі, Мерей Қарт ашып, жүйріктерді сахна төріне шақырды. Жыр-бәйгесінде саңлақтардың қарымын ақындардың анасы Дәмеш Омарбаева, айтыскер ақын-ұстаз Дәулет Сметов, ақын-филолог Бауыржан Игілік бағалап, қазылық етті.
Сахнаға шыққан 5 жұп та шеберлігімен көзге түсті. Сөзден сүрінбенді. Ғасырлардан бері халықпен біте қайнасқан айтыс шымылдығын Айбек Жеңісқазин мен Жасұлан Мақаев түрді. Көпті күлдіріп, айтыстың жарасымды үлгісін көрсетті. Бірін-бірі қалжыңмен қағытып отырды. Айтысқа білім ордасының жас оқытушысы Райымбек Өмірбаев та қатысты.
Алғашқы айналымнан сүрінбей өткен 4 ақын ақтық сынға шығып, кіл жүйрікті анықтады. Әділ-қазылар алқасының шешімімен Шәкәрім университетінен түлеген шайырлар «ASSYL DOMBYRA»-ның жеңімпазы, Айбек Жеңісқазин бас бәйгені иеленсе, І орынды қарауылдық Қуаныш Еркінұлы, ІІ орынды Жасұлан Мақаев қанжығасына байлап, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бұл доданың үздігі деп танылған ақындар – Shakarim University түлектері, оқу ордасының мақтаныштары.
Жөргегінде жыр қасиетін еміп, «сөз құдіретін өз құдіретім деп» таныған қазақ үшін ұлтымыздың ұлы мұрасына, қасиетті өнеріне баланатын айтыстың орны қашан да бөлек. Сондықтан болар, сұлу сөзге сусап келген тыңдарманды сүмбіле жырдың суатына сүйрей жөнелетін айтысымыздың бәсіресі биіктен құлап көрген емес. Семей – Алашорданың алтын бесігі ғана емес, сұлу жырдың салтанат құрған аяулы шаһары. Ұлт өнерін ұлықтау, ақындарды қолдау бәрімізге ортақ борыш!