Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі29 наурыз 2024сотрудничество, меморандум, образование

SHAKARIM UNIVERSITY ЖӘНЕ «АТАМЕКЕН» ҰКП ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен Shakarim University тиісті меморандумға қол қойып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі. Келісім университет пен кәсіпорындар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды дамытуға, дуалды оқытуды енгізуге және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған. Сондай-ақ, тараптар ынтымақтастық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған пікірлер, ұстанымдар, көзқарастар алмасуға және ұсыныстар әзірлеуге мүдделі.
Кездесу барысында «Атамекен» ҚР ҰКП энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық департаментінің басқарушы директоры Хайрушев Жақып білім ордасының еліміздегі ең көне жоғары оқу орындарының бірі және әртүрлі салалар үшін жоғары білікті кадрлар даярлайтындығын баса айтты. Сонымен қатар, ЖОО білім беру үрдісінде дуалды оқыту жүйесін енгізу жұмыстарына белсенді қатысатындығын ерекше атап өтті.
Бұдан бөлек, Жақып Ғалиұлы білім алушылармен Қазақстан Республикасының электр энергетикасының жай-күйін талдау, проблемалары мен оларды шешу жолдары бойынша лекциялар топтамасын өткізді. Дәріске «Теплокоммунэнерго» бас базалық кәсіпорнының өкілдері де қатысты. Қадірменді мейман университеттің оқу кабинеттерін, зертханалары мен ғылыми-зерттеу орталықтарын аралап, ынтымақтастықтың алдағы жоспарын талқылады.